Қазақстан Елшісі Бутан Короліне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Бутан Короліне сенім грамоталарын тапсырды

Тхимпху, 2022 жылғы 7 қазан – Қазақстанның Бутан Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде Нұрлан Жалғасбаев Бутан Королі Джигме Кхесар Намгьял Вангчукке сенім грамоталарын тапсырды.

Рәсім барысында Бутан Королі Елшіні тағайындалуымен құттықтап, оның осы лауазымдағы алдағы жұмысы екі мемлекет арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың үдемелі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Салтанатты рәсімнен кейін екіжақты сұхбат өтті, оның барысында қазақстандық дипломат Бутан Короліне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздерін жеткізді.

Сондай-ақ, Қазақстан Елшісінің Бутан Премьер-министрі Лотай Церингпен және Сыртқы істер министрі Танди Дорджимен екіжақты кездесулері өтті.

Тараптар көпжақты алаңдарда, атап айтқанда БҰҰ шеңберінде саяси диалогтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтті. Н. Жалғасбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) Қазақстанның ағымдағы төрағалығының және 2022 жылғы 12-13 қазанда Астанада өтетін АӨСШК Саммитінің басымдықтары туралы айтып берді. Өңір елдері арасындағы осы танылған көпжақты диалог платформасының қызметі Бутан тарапының шынайы қызығушылығын тудырды.

Оған қоса сұхбаттастар саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы көпжақты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде тиісті келісімдер жасасу арқылы арттырудың перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасты.

Кездесу соңында Бутан Үкіметі мен Сыртқы саяси ведомствосының басшылары Қазақстанның жаңадан тағайындалған Елшісіне екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуда табыс тіледі.