
Астана, 2022 жылғы 6 қазан – Бүгін Қазақстан Республикасы мен Грек Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды.
Осындай атаулы күнге орай екі елдің сыртқы істер министрлері өзара құттықтау хаттарымен алмасты.
Осы кезең ішінде мемлекеттеріміз арасында өзара сенім мен құрметке негізделген тиімді ынтымақтастық тұрақты нығайтылды.
Астана мен Афина халықаралық ұйымдар шеңберінде бір-бірін белсенді қолдайды. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде белсенді ықпалдасуда.
Қазақстан мен Грекия экономикалық байланыстарды дамытуға ерекше мән береді. Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді іске асыру мақсатында Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Қазақстан-Грекия іскерлік кеңесі жемісті жұмыс атқарып келеді. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы қарқынды өсуде. Өзара сауда көрсеткіші 2021 жылы 1,346 млрд АҚШ долларын құраған болса, биылғы жылдың алғашқы жеті айында 1 млрд АҚШ долларына жетті (өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 40%-ға өскен).
Мәдени-гуманитарлық саладағы тығыз байланыстар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуда маңызды рөл атқарады. Қазақстаннан тарихи отанына оралған этникалық гректер және елімізде тұрып жатқан грек диаспорасы бұл саладағы ынтымақтастыққа сүбелі үлес қосып келеді.
30 жылдық ынтымақтастықта қол жеткізілген жетістіктер тараптардың екіжақты әріптестікті одан әрі арттыруға деген шынайы ниетін растайды.