Қазақстан АЭХА-дағы егеменді теңдікті қалпына келтіру жұмысына бастамашы болды

Қазақстан АЭХА-дағы егеменді теңдікті қалпына келтіру жұмысына бастамашы болды

Вена, 2022 жылғы 26-30 қыркүйек - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин ұлттық делегация құрамында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) Бас конференциясының 66-шы сессиясына қатысты.

Апта бойы әлемнің 175 мемлекетінен келген делегаттар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, оның ішінде 2021 жылға арналған жылдық баяндаманы, 2023 жылға арналған бюджетті, ядролық технологиялармен және оларды қолданумен байланысты қызметті жандандыру болашақтарын, оның ішінде Агенттіктің ядролық және физикалық қауіпсіздік саласындағы жұмысын және АЭХА кепілдіктерінің тиімділігін арттыруды талқылады. Делегаттар Украинадағы, Таяу Шығыстағы, Корей түбегіндегі ядролық қауіпсіздік мәселелерін және Аустралия, Ұлыбритания және АҚШ арасындағы «AUKUS» үшжақты Альянсының мәселелерін талқылады.

АЭХА-дағы егеменді теңдікті қалпына келтіру мәселесі Бас конференцияның күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болды. Қазақстан бұл мәселені, оның ішінде Агенттіктің Жарғысына сәйкес мүше мемлекеттерді тиісті өңірлік аймақтарға бөлу үшін аралық тетік құру есебінен талқылауға бастамашылық жасады. Мұндай бөлу өңірлік топтардың ешқайсысына жатпайтын АЭХА мүше мемлекеттердің проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Мәлім болғандай, Агенттік аясындағы белсенді жұмысына қарамастан, Қазақстан АЭХА-ның ешбір өңірлік топтарында ұсынылмаған. Еліміздің ұсынысы Агенттік мүшелерінің көпшілігінің қолдауына ие болды. Тиісті жұмыс 67-ші сессия барысында және сессияаралық кезеңде жалғасатын болады.

Сапар барысында А.Рахметуллин халықаралық ұйымдардың басшыларымен және делегация жетекшілерімен бірқатар кездесулер өткізді. Қазақстандық дипломат БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Венадағы БҰҰ бөлімшесінің және БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) басшысы Ғада Уәлимен, сондай-ақ БҰҰ ЕҚБ Атқарушы хатшысының орынбасары – операциялар жөніндегі директоры Мива Катомен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік қауіпсіздік мәселелерді, оның ішінде қазан айында Алматыда өтетін БҰҰ ЕҚБ-ның Орталық Азия үшін бағдарламасы Басқарушы комитетінің отырысын талқылады.

АЭХА Бас директоры Рафаэль Мариано Гросси қазақстандық тарапқа ядролық қарусыздану мен таратпаудың халықаралық үдерісіне қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы белсенді жұмысы үшін ризашылығын білдірді. Р.Гросси АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкін өз аумағында орналастырғаны үшін Қазақстанға ерекше алғысын білдірді.