Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2022 жылғы 3 қазан

Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2022 жылғы 3 қазан

Мазмұны:

  • Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Жапонияға жұмыс сапарының қорытындалары туралы;
  • Қазақстан-Португалия саяси консультацияларының 5-ші раунды туралы;
  • Қазақстан Сыртқы істер министрі орынбасарының Чехия, Словакия мен Аустрияға жұмыс сапары туралы;
  • Кезекті қазақстан-түрікмен сімаралық консультациялар туралы;
  • Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-румын үкіметаралық комиссиясының 16-шы отырысы туралы;
  • Казақстан-Армения сімаралық консультациялар туралы;
  • Жазушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «дөңгелек үстел» өткізуі туралы;
  • Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы;
  • Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы.

 

1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Жапонияға жұмыс сапарының қорытындалары туралы

Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Жапонияның бұрынғы Премьер-Министрі Синдзо Абэнің мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысу үшін Жапонияға жұмыс сапарымен барып қайтты.

Ресми рәсімге 6 мыңнан астам адам, оның ішінде Жапонияның жоғары лауазымды саясаткерлері, Парламент депутаттары және 200-ден астам ел мен халықаралық ұйымдардың шетелдік делегациялары қатысты.

Қазақстандық делегация басшысын Жапония Премьер-Министрі Фумио Кишида қабылдады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан Үкіметі мен халқының атынан көңіл айтты. Қазақстан СІМ басшысы марқұм экс-Премьер-Министрдің жұбайы Акиэ Абэге де көңіл айтты.

Сонымен қатар, сапар аясында Қазақстан СІМ басшысы Жапонияның Сыртқы істер министрі Ёшимаса Хаяшимен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамытуды талқылап, халықаралық ахуал мен сауда-экономикалық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сонымен қатар, «Орталық Азия + Жапония» диалогының Сыртқы істер министрлрінің кеңесінің 9-шы отырысын ү.ж желтоқсанда және Экономикалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Жапония үкіметаралық және жеке секторлар арасындағы бірлескен комиссиясының 8-ші отырысын 2023 жылы ақпанда Токио қаласында өткізу жөнінде келісілді.

 

2. Қазақстан-Португалия саяси консультацияларының 5-ші раунды туралы

Ағымдағы жылдың 26-27 қыркүйегінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Лиссабонға жұмыс сапары өтті. Сапар шеңберінде оның және Португалия Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат жөніндегі бас директоры Руи Виньяштың басшылығымен екі сыртқы саяси ведомство арасындағы саяси консультациялардың бесінші раунды өтті.

Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жай-күйі мен перспективалары егжей-тегжейлі қаралды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сапар барысында Роман Василенко Португалия Сыртқы істер министрі Жоау Гомеш Кравиньомен, Португалия Парламентінің халықаралық істер және Португалия қауымдастығы комитетінің төрағасы Серджиу Соза Пинтумен, «Taguspark» ғылыми-технологиялық паркінің атқарушы директоры Эдуарду Баптишта Коррейамен және Португалия СІМ Дипломатия институтының директоры Фрейташ Ферражбен бөлек кездесулер өткізді.

Соңғы кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы мен Португалия Сыртқы істер министрлігі Дипломатия институты арасында дипломаттарды даярлау, бірлескен зерттеулер жүргізу, ақпарат және құжаттармен алмасу мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

 

3. Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасарының Чехия, Словакия мен Аустрияға жұмыс сапары туралы

Ү.ж. 2-6 қазан аралығында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Чехия, Словакия және Аустрияға жұмыс сапарымен барады.

Прага қаласына өтетін сапары шеңберінде Сыртқы істер министрінің орынбасары «Қазақстанның әлеуметтік реформалары және Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесі» атты халықаралық конференцияға қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Чех Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мақсатында Чехияның Қоршаған ортаны қорғау Вице-министрі Томаш Тесаржбен кездесу өткізеді.

Братислава қаласында Словак Республикасының қоғамдық-саяси топтарының өкілдерімен «Заманауи Қазақстан: Реформалар және даму перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел және Словакияның Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің басшылығымен кездесу өтеді.

Вена қаласында қазақстандық дипломаттың Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасымен, сондай-ақ Федералдық Президенттің Халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Герда Фогль мен Еуропалық және халықаралық істер федералдық министрлігінің басшылығымен кездесулер көзделуде.

 

4. Кезекті Қазақстан-түрікмен сімаралық консультациялар туралы

Ағымдағы жылдың 4 қазанында онлайн форматта Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Веп Хаджиевтің төрағалығымен кезекті Қазақстан-түрікмен сімаралық консультациялар өтеді.

Тараптар стратегиялық әріптестік рухында қазақстан-түрікмен ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ жоғары және аса жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылауды жоспарлап отыр.

Бұл тұрғыда алдағы халықаралық іс-шаралар кестесіне ерекше назар аударылатын болады.

 

5. Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-румын үкіметаралық комиссиясының 16-шы отырысы туралы

Ү.ж. 6-7 қазанда Астана қаласында Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Румыния үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысы өтеді.

Қазақстан тарапын Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Энергетика министрі Болат Ақшолақов, румын тарапынан – Энергетика министрі Вирджил-Даниэль Попеску басқарады. Іс-шараға Румыния үкіметінің мүшелері, оның ішінде Румынияның Еңбек және әлеуметтік ынтымақтастық министрі Мариус-Константин Будэй қатысады.

Комиссия отырысы барысында ведомствоаралық келісімдерге қол қою, сондай-ақ бизнес-форум өткізу жоспарланған.

Румыния Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда серіктестерінің бірі екенін атап өткен жөн. 2021 жылы тауар айналымы 1,57 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт - 1,52 млрд долларға жетіп, ал импорт - 48 млн. доллар құрады. Ағымдағы жылдың алғашқы 7 айында тауар айналымы 1,25 млрд АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31%-ға артық (953 млн АҚШ доллары).

 

6. Казақстан-Армения сімаралық консультациялар туралы

Ағымдағы жылдың 7 қазанында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Қазақстан-армян сімаралық консультацияларына, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымға (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің Ереван қаласындағы консультацияларына қатысады.

Іс-шара барысында екіжақты сипаттағы мәселелерді, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйым шеңберіндегі елдердің өзара іс-қимылын талқылау жоспарлануда.

 

7. Жазушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «дөңгелек үстел» өткізу туралы

Ү.ж. 4 қазанда Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде көрнекті қоғам қайраткері, лингвист және жазушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «дөңгелек үстел» өтеді. Іс-шараға Қазақстан Ғылым және жоғары білім Вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары, сонымен бірге Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Германиядан ғалымдар қатысады.

Сол күні опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай «Сазген сазы» этно-фольклорлық ансамблі, халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Чотабаев, Жұбаныш Жексенұлы, Ренат Гайсин, сондай-ақ халықаралық байқауларының лауреаты Ерке Есмаханның қатысуымен салтанатты концерт өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының 41-ші сессиясында бұл екі маңызды күн ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы күндер тізіміне енгізілген.

 

8. Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы

Ағымдағы жылдың 5 қазанында Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.

Түрікменстан Орталық Азияда да, Каспий өңірінде де Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Біздің елдеріміз арасында сындарлы саяси диалог орнады. Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықтың саяси сенім деңгейі жылдан жылға тұрақты түрде нығайып келеді.

30 жыл ішінде екі мемлекет екіжақты қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтере алды. Екіжақты ынтымақтастықтың шарт-құқықтық базасын 60-тан астам құжат құрайды. Олардың ішінде 2017 жылғы Стратегиялық әріптестік туралы шарт маңызды орын алады.

Жоғары және аса жоғары деңгейдегі өзара сапарлар екі тараптың да саяси диалогты нығайтуға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға тұрақты мүдделілігін растайды.

 

9. Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы

Ағымдағы жылдың 6 қазанында Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.

Осы кезеңде елдер теңдік пен сыйластық қағидаттарына негізделген сенімді және өзара тиімді ынтымақтастық орнатты. Астана мен Афина әлемдік саясаттың негізгі мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды ұстанады және әртүрлі халықаралық ұйымдар шеңберінде бір-бірін белсенді қолдайды.

Қазақстан мен Грекия экономикалық саладағы қатынастарды дамытуға ерекше мән береді. Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді іске асыру үшін Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссия және Қазақстан-грек Іскерлік кеңесі жұмыс істейді.

Соңғы жылдары елдер арасындағы тауар айналымының көлемі қарқынды өсуде. Мысалы, биылғы жылдың алғашқы жеті айында ол 1 млрд АҚШ долларынан астам соманы құрады, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 40% өсімді көрсетеді.