Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 12 қыркүйек

Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 12 қыркүйек

Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі,

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 12 қыркүйек

Мазмұны:

  • ҚР Сыртқы істер министрінің Сауд Арабиясына жұмыс сапарының қорытындылары туралы;
  • ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының сапары туралы;
  • Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы;
  • Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасында5ы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы;
  • «Көлік және логистика» 25-ші қазақстандық халықаралық көрме туралы;
  • Қазақстан-Ресей Сыртқы істер министрліктері арасындағы кезекті консультациялар туралы;
  • БҰҰ қарусыздану саласындағы стипендиаттардың Қазақстан Республикасына сапары туралы.

 

  1. ҚР Сыртқы істер министрінің Сауд Арабиясына жұмыс сапарының қорытындылары туралы;

Ү.ж. 7-8 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия - Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» (ПШАМЫК) елдерінің сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуіне қатысу үшін Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапарымен барды.

Кездесу барысында барлық қатысушы елдер бұл бастаманың өзектілігін, кездесулерге тұрақты сипат беру және ынтымақтастық форматын басқа салаларға кеңейту қажеттілігін растады.

Іс-шара қорытындысы бойынша саяси диалог пен қауіпсіздік, экономикалық және инвестициялық, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сияқты өзара іс-қимыл 6 салаларын қамтитын 2023-2027 жылдарға арналған стратегиялық диалог пен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары, сондай-ақ баспасөзге арналған бірлескен мәлімдеме қабылданды.

2023 жылы Өзбекстанда келесі кездесуді және Қазақстанда Орталық Азия - Парсы шығанағындағы араб елдерінің ынтымақтастығы жөніндегі кеңестің бірінші экономикалық форумын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жұмыс сапары аясында М.Тілеуберді Сауд Арабиясы, Бахрейн, Оман, Түрікменстан, Тәжікстан сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен, сондай-ақ Сауд Арабия Корольдігінің инвестициялар министрі және «SABIC», «Ajlan&Bros» және «Maaden» компанияларының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

 

  1. ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының сапары туралы

Ү.ж. 12-16 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жұмысына қатысу үшін ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахмановтың Нұр-Сұлтан қаласына сапары өтеді. Сапар аясында оның ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуі, сондай-ақ «Діни көшбасшылар мен саясаткерлердің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге қосқан үлесі, экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылға» арналған Съездің үшінші секциясында сөз сөйлеуі жоспарланған.

 

  1. Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы

Ү.ж. 16 қыркүйекте Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Екі ел арасындағы ынтымақтастық дәстүрлі түрде жоғары дәрежеде және стратегиялдық сипатта екенін атап өтеміз.

Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласында екі елдің жоғары басшыларының құттықтау жолдамаларымен алмасу үшін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен Беларусь Республикасының елшісі Павел Утюпиннің кездесуі жоспарлануда.

Сонымен бірге, екі елдің елшіліктері «Хабар» агенттігі мен «Белтелерадиокомпанияның» ұйымдастыруымен бұрынғы және қазіргі елшілердің, парламент топтары басшыларының, диаспора өкілдерінің қатысуымен телекөпір өткізіледі.

Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігі қазақстан-белорус қатынастарының 30 жылдығына орайластырылған кітап шығаруды жоспарлауда.

  

  1. Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы

Ү.ж. 16 қыркүйекте Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.

Молдова сенім мен өзара құрмет негізінде екіжақты және көпжақты форматта өзара іс-қимыл жасайтын Қазақстанның маңызды серіктесі.

Үш онжылдық ішінде Қазақстан мен Молдова сындарлы саяси диалог құрды, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық нығайып келеді. Негізгі бағыттар бойынша шарт-құқықтық база қалыптастырылды.

Осы мерейтойлық жылы Қазақстан-Молдова қатынастарының маңыздылығын ескере отырып, ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Молдовадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі тағайындалды.

  1. «Көлік және логистика» 25-ші қазақстандық халықаралық көрме туралы;

Ү.ж. 20-22 қыркүйек аралығында Алматы қаласында «Көлік және логистика» атты 25-ші Қазақстандық халықаралық көрме өтеді.

Аталған көрмеге Латвия Республикасының Көлік министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Улдис Рейманис және Литва Республикасының Көлік және коммуникация Вице-министрі Лорета Маскалевиене қатысады деп күтілуде.

Іс-шара аясында «Қазақстан-Литва» Көлік жөніндегі жұмыс тобының отырысы және бейінді министрліктермен кездесулер жоспарлануда.

  1. Қазақстан-Ресей Сыртқы істер министрліктері арасындағы кезекті консультациялар туралы;

Ү.ж. 22 қыркүйекте Мәскеу қаласында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденконың төрағалығымен кезекті Қазақстан-Ресей Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар өтеді.

Іс-шара барысында Қазақстан-Ресей қатынастарының өзекті мәселелерін, сондай-ақ көпжақты бірлестіктер (Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және т.б.) шеңберіндегі екіжақты өзара іс-қимылды талқылау жоспарлануда.

Сол күні Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтында Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конференцияны РФ Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институты және ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырады. Конференция барысында түрлі салалардағы қазақстан-ресей ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланады.

 

  1. БҰҰ қарусыздану саласындағы стипендиаттардың Қазақстан Республикасына сапары туралы

Ү.ж. 24-28 қыркүйек аралығында қарусыздану саласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы бағдарламасы стипендиаттарының Қазақстан Республикасына сапары өтеді.

Бұл бағдарлама жыл сайын БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен әлемнің 25 елінен келген жас дипломаттар үшін өткізіледі, олар өздерінің кәсіби мансабын одан әрі қарусыздану тақырыбымен байланыстырады деп күтілуде.

Бағдарлама жұмыс істеген жылдар ішінде Ұйымның стипендиаттары Қазақстанға 2013, 2015 және 2019 жылдары келген болатын. Сапарды ҚР Сыртқы істер министрлігі, Энергетика министрлігі және Ұлттық ядролық орталығы бірлесіп ұйымдастырады.

Сапар аясында стипендиаттар Курчатов қаласына, бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағына барады, сондай-ақ Ұлттық ядролық орталықтың қызметімен танысады.