Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысы өтті

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысы өтті

НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 31 қаңтар - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың төрағалығымен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырысқа комиссияның тұрақты мүшелері – мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР білім, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты. 

Соңғы екі жылдың қорытындылары бойынша Комиссия, оның тақырыптық комитеттері мен ЮНЕСКО Клубтары және ЮНЕСКО-ның қауымдасқан мектептерінің жұмыстарының нақты нәтижелері баяндалды. Атап айтқанда, Қазақстанның тағы екі ұлттық паркі – Шарын және Жоңғар Алатауы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізімі ҚР-дың «Қорқыт мұрасы» және «Қазақ жылқы өсірушілерінің дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары – Қымызмұрындық, бие байлау және айғыр қосу» номинацияларымен толықтырды. ЮНЕСКО-ның қолдауымен Париж қаласында «Ұлы дала: рухани мұра және оның әлемдік тарихқа үлесі» халықаралық форум сәтті өткізілді.

Қазақстан ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесіне тағайындалды, ал Қазақстандық салалық Ұлттық комитетінің басшысы Р. Ященко биосфералық резерваттар жөніндегі Кеңесшілердің Халықаралық комитетінің құрамына тағайындалды. 

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары – Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Е.Ашықбаев ЮНЕСКО-ның Әлеуметтік-мәдени саладағы міндеттерді шешуде Қазақстанның маңызды серіктесі болып қала беретінін, сондай-ақ мәдениет, ғылым, білім, ақпараттық технологиялар салаларындағы ұлттық жетістіктерді насихаттау үшін бірегей платформа болып табылатынын атап өтті. 

Отырыс барысында қатысушылар Комиссияның 2020 жылға арналған қызметінің басым бағыттарын талқылады, оның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра және материалдық емес мұра тізіміне жаңа ұлттық номинацияларды дайындау және ілгерлету мәселелерін қарастырды. 

Комиссия мүшелері ағымдағы жылы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілген Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Шымкенттің 2200 жылдығын атап өтуді мәселесін талқылауға ерекше назар аударды.