Қазақстан Елшісі Исландия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Исландия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

13 наурызда Рейкьявик қаласына сапар барысында Қазақстанның Исландия Республикасындағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Ерлан Ыдырысов Исландия Президенті Гвюдни Йоуханнессонға сенім грамоталарын тапсырып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгі сәлемін жеткізді.

Салтанатты рәсімнен кейін болған екіжақты кездесу барысында Қазақстан мен Исландия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, энергетика, сандық жүйеге көшіру және инновацияларды, сондай-ақ туризм және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Тараптар сондай-ақ жаңғыртылатын энергия көздері мен «жасыл» технологияларды дамытуға деген өзара ұмтылысты атап өтті. Исландияның аталған саладағы көп жылдар бойғы тәжірибесін ескере отырып, Е. Ыдырысов Қазақстанның Исландиядағы геотермалды энергия көздерін қолдану жөніндегі технологияларды енгізу перспективаларына ерекше қызығушылық танытып отырғандығын баса айтты.

Сонымен бірге, қазақстандық дипломат Г.Йоуханнессонды Қазақстанды жаңғырту бағдарламалары аясында іске асырылып жатқан ауқымды экономикалық және саяси реформалармен таныстырып, оған Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауының негізгі тезистері, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және «ЭКСПО-2017» негізінде құрылған «Жасыл» технологиялар орталығы мен IT-стартаптар халықаралық паркі туралы айтып берді.

Өз кезегінде, Г. Йоуханнессон Президент Н. Назарбаевқа ілтипатын білдіріп, Қазақстанның Елбасы басшылығымен зор жетістіктерге қол жеткізгенін және Орталық Азияның экономикалық көшбасшысына айналғандығын атап өтті. Г. Йоуханнессон Исландияның Қазақстанмен жаңғыртылатын энергия көздері мен «жасыл» технологияларды дамыту сияқты бірқатар өзара тиімді салалар бойынша ынтымақтастық орнатуға ынталы екендігін тілге тиек етті.

Исландияға сапар барысында Е. Ыдырысов сондай-ақ Исландия Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысының міндеттерін атқарушы Хельга Хоксдоттирмен, СІМ халықаралық істер және қауіпсіздік департаментінің директоры Йорундур Валтиссонмен және сыртқы сауда және экономикалық қатынастар департаментінің директоры Уннур Раметтпен кездесулер өткізді.

Сапар соңында Е. Ыдырысовтың атынан салтанатты қабылдау берілді. Оған Исландияның бұрынғы Президенті Олафур Гримсон, Исландия Президенті аппаратының басшысы Орнольфур Торсон, Исландияның резиденциясы Мәскеуде орналасқан Қазақстандағы Елшісі Сигридур Асгейрсдоттир, Ресейдің, Қытайдың, Канаданың, Жапонияның, Финляндияның, Германияның Рейкьявикте аккредиттелген елшілері, Қазақстанның Исландиядағы Құрметті Консулы Гунар Фридриксон, Исландия Сыртқы істер министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдарының құрылымдық бөлімдерінің басшылары және АХҚО-дағы резиденттікке ерекше қызығушылық танытқан исландтық іскер топтардың өкілдері қатысты.