
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 3 маусым - Қазақстан Республикасының төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер сыртқы істер министрліктері құқықтық қызмет басшыларының Консультативтік комитетінің 32-ші отырысы өткізілді.
Іс-шара COVID-19 пандемиясынан кейін алғаш рет бетпе-бет режимінде өткізілді. Отырысқа Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқару комитетінің делегациялары қатысты. Отырысқа Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының өкілдері бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты.
Кездесу барысында ТМД шеңберінде ынтымақтастық аясындағы халықаралық-құқықтық тәжірибенің өзекті мәселелері талқыланды. Делегация мүшелері өзара қызығушылық тудыратын салаларды құқықтық реттеу бойынша тәжірибе алмасып, алдағы кезеңге Комитет қызметінің бағыттарын айқындады. Іс-шараның қорытындысы бойынша отырыс Хаттамасы қабылданды.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы істер министрліктері құқықтық қызмет басшыларының Консультативтік комитеті 2004 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында қабылданған ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімімен құрылды. Консультативтік комитеттің отырыстары Комитет мүшелері бірінің төрағалығымен жылына екі рет өткізіледі.