Қазақстан мен Үндістан стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуды көздеуде

Қазақстан мен Үндістан стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуды көздеуде

Нью-Дели, 2022 жылғы 1 маусым – Үндістан Республикасына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов Үндістанның Мемлекеттік сыртқы істер министрі Минакши Лекхимен және Үндістанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Санжай Вермамен келіссөздер жүргізді.

М.Лекхимен кездесу барысында тараптар Қазақстан-Үндістан қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары туралы пікір алмасты. Екі ел арасындағы саяси диалогтың, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқыны қанағаттанушылықпен аталып өтті. Дипломаттар 2022-2023 жылдары жоспарланған жоғары деңгейдегі іс-шаралардың мазмұндық толықтыруын дайындау мәселелеріне ерекше назар аударды. М.Лекхи стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, жақын арада Қазақстанға келу жоспары туралы хабарлады.

С.Вермамен келіссөздер барысында тараптар 2022 жылғы 3 маусымда Нью-Дели қаласында Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өкілдік ететін Қазақстан-Үндістан сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысын өткізудің уақтылығын атап өтті. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі аясындағы өзара іс-қимылды егжей-тегжейлі талқылады. Үнді тарапы Кеңесті халықаралық ұйымға трансформациялауды қолдайтынын растады және Азия кеңесі саммитін 2022 жылғы күзде Қазақстан астанасында табысты өткізуіне мүдделілік білдірді.

Тараптар түрлі деңгейлерде екіжақты байланыстарды қолдауға және ағымдағы жылы екі елдің сыртқы саяси мекемелері арасында консультациялардың жаңа раундын өткізуге келісті.