
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 1 маусым – Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымының («БҰҰ-әйелдер» құрылымы) атқарушы директорының орынбасары Анита Бхатиямен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін және олардың шешім қабылдау деңгейінде өкілділігін кеңейту саласында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара серіктестіктің перспективалары туралы пікір алмасты.
А. Рахметуллин Қазақстан өз халықаралық міндеттемелерін орындау тұрғысында Бейжің іс-қимыл платформасы мен Орнықты даму мақсаттарының қағидаттарын, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғау мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту механизмдерін нығайтуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
Өз кезегінде, А. Бхатия Қазақстанның өңірдегі гендерлік теңдік және зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласында үздік халықаралық тәжірибені енгізу бойынша жетекші рөлін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты әрекеттестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, гендерлік күн тәртібінің басымды салаларында ынтымақтастықты жалғастыруға үміт білдірді.