Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 27 мамыр – Футболдан ұлттық құраманың ойыншылары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде қонақта болып қайтты.
Қонақтар СІМ мұражайын аралап, Қазақстанның қазіргі заманғы халықаралық қатынастар жүйесіне қатысуының негізгі кезеңдеріне арналған жәдігерлер мен фотокөрмені тамашалады.
Дипломаттармен кездесуде футболшылар УЕФА Ұлттар Лигасындағы «С» тобындағы матчтарға дайындық барысы туралы әңгімелеп, еліміздің дипломатиялық өкілдіктерінің сырт алаңдардағы ойындарда тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқанына ризашылығын білдіре отырып, сыртқы саяси ведомствоның қызметкерлерін тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің алдағы 30 жылдығымен құттықтады.
Өз кезегінде, СІМ қызметкерлері мемлекетаралық қатынастарда ұлттық мүдделерді қорғауда жүргізіліп жатқан жұмыстың ерекшелігіне тоқталып, үлкен спорт қоғамдық дипломатияның ажырамас бөлігі екендігін, ал спортшылар шет елдерде еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жарқын өкілдері болып табылатынын атап өтіп, қазақстандық футболшыларға алдағы матчтарда сәттілік тіледі.