Қазақстан мен Эстония дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтуде

Қазақстан мен Эстония дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтуде

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 27 мамыр – Бүгін Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды.

Атаулы күнге орай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Тоомас Тирспен кездесу өткізді. Әңгіме барысында осы мерзім ішінде биліктің атқарушы және заң шығарушы жүйесі тармақтарының барлық деңгейлерінде тығыз байланыстар орнатылғанына қанағаттанушылық білдірілді.

Қазақстан мен Эстония тұрақты саяси диалогты жүзеге асыру мен шарт-құқықтық базаның берік негізін құру жолымен ынтымақтастыққа өзара мүдделі екендіктерін көрсетеді. Тараптар бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу арқылы халықаралық аренада сындарлы өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

Парламентаралық диалогты дамытуға үлкен мән беріледі. Оның қарқынды дамуына екі елдің парламенттерінде құрылған «достық топтары» ықпал етеді.

Елдер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жоспарлы түрде дамып келеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 18,8 млн АҚШ долларына жетті, Қазақстанда эстон капиталының қатысуымен 73 кәсіпорын тіркелген.

Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстония үкіметаралық комиссиясы маңызды рөл атқарады, оның шеңберінде тараптар осы уақытқа дейін алты отырыс өткізді.

Өзара іс-қимылдың басым бағыты жоғары технологиялар мен цифрландыру саласы болып табылады, онда кейбір оң нәтижелерге қол жеткізілді және өзара шынайы қызығушылық байқалады.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жолға қоюда елеулі ілгерілеушілік байқалады. Білім беру саласындағы өзара іс-қимылды, атап айтқанда, ірі қазақ және эстон университеттері арасында қалыптасқан тығыз әріптестік қатынастарды ерекше атап өтуге болады.

Екіжақты ынтымақтастықтың үдемелі дамуына қанағаттанушылық білдіре отырып, тараптар өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Осыған байланысты екі ел халықтарының игілігі үшін бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылық мүддесінде әріптестіктің одан әрі нығая беретініне сенім білдірілді.

Дипломатиялық қатынастар орнатылуының мерейтойлық жылына байланысты екі елдің сыртқы саяси ведомстволары Бірлескен Коммюнике қабылдады.