
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 3 мамыр – Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартоның Нұр-Сұлтанға жұмыс сапары өтті, сондай-ақ оны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.
Мажарстан делегациясының Қазақстанға сапары Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Қазіргі таңда Мажарстан еліміздің жақын одақтасы, Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы елдер ішінде бізбен стратегиялық серіктестік орнатқан бірден-бір мемлекет болып табылады.
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен өткен келіссөздерде ашықтық пен өзара түсіністік рухында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мажар тарапына елде жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды саяси реформалар мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шаралар туралы ақпарат берілді.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың серпінді дамуын өткен жылы коронавирус пандемиясына қарамастан екіжақты сауда айналымының көлемі 23,2%-ға өсіп, 138,7 миллион АҚШ долларына жеткендігі айғақтайды. Сонымен қатар, Мажарстанға экспортты әртараптандыру мақсатында еліміздің мұнай-газ өңдеу, металлургия, химия, құрылыс және азық-түлік өнеркәсібі өнімдерімен қамтамасыз етуге дайын екені расталды.
2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына Мажарстаннан 269 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестициялар тартылды және бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Отандық нарықта «MOL», «Gedeon Richter», «Egis» және тағы да басқа ірі мажар компаниялары жұмыс істейді. Бірлескен инвестициялық жобалар энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, сондай-ақ мұнай және газ, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, көлік пен логистика сияқты маңызды салаларда іске асырылуда.
Бүгін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алаңында өз өкілдіктерін ашу мүмкіндігін қарастырып отырған Мажарстан компанияларының саны артуда. Бұл мажар компанияларының Орталық Азия өңіріндегі бизнес-мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге ықпал етеді.
Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықтың маңызды элементтерінің бірі білім саласы болып табылады. Қазіргі таңда Мажарстанда еліміздің бір мыңға жуық студенті білім алуда. Бұл мақсатта достас мемлекет жыл сайын 250 грант бөліп отыр. Мажар тілінде білім алуға қызығушылық танытатын студенттердің саны артып келеді. Өткен жылдан бастап қазақ тілі Будапештте Этвёш Лоранд атындағы университетінде оқытылуда, ал мажар тілі - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде. Қазақстандық және мажар жастары келешекте де елдерімізді байланыстыратын «жанды көпірді» дамытады.
Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі П.Сийартоның сапары стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарын нығайтуға қосымша серпін береді және Нұр-Сұлтан мен Будапешт арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға кең өріс ашады.