
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 28 сәуір – Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 30 жылдығы шеңберінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов Оман Сұлтандығының Елшісі Мохаммед әл-Бахранимен кездесті.
Кездесу барысында отандық дипломат Нұр-Сұлтан мен Маскат 30 жыл ішінде тығыз саяси байланыстар орнатқандығын атап өтіп, омандық тарапты біздің мемлекетіміздің барлық халықаралық бастамаларына жүйелі негізде қолдау көрсетіп келе жатқандығы үшін алғыс білдірді.
Сонымен бірге, ол бүгінгі таңда екіжақты қатынастар жаңа кезеңге өтіп жатқандығын айтып, қазақстандық тараптың Оманмен ынтымақтастықты, әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы байланысты одан әрі нығайтуға мүдделілігін жеткізді.
Өз кезегінде, Елші М.әл-Бахрани мемлекетіміздің экономикалық әлеуетіне тоқталып, осы бағытта жан-жақты қолғабыс көрсетуге әзірлігін білдірді.
Осы мәнмәтінде, тараптар 2022 жылы онлайн және оффлайн форматында жоспарланған ортақ іс-шаралар аясында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі қарастырды.