Варшава, 2022 жылғы 28 сәуір – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Варшаваға жұмыс сапары шеңберінде Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелері және «Жаңа Қазақстан» құру бағыты талқыланды.
Іс-сапар шеңберінде Польша Президенті жанындағы Халықаралық саясат бюросының басшысы Якуб Кумохпен, ПР Сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Пшидачпен, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы – Даму және технологиялар бірінші вице-министрі Гжегож Пеховякпен, «Польша-Қазақстан» парламенттік ынтымақтастық тобының басшысы – ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы жанындағы ПР Сеймі мен Сенаты делегациясының төрағасы Барбара Бартущ және Сенат пен Сеймнің депутаттарымен, сондай-ақ ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Маттео Мекаччимен кездесулер өтті.
Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған келіссөздер барысында Р. Василенко сұхбаттастарды Қазақстандағы ағымдағы жағдай, қаңтардағы қайғылы оқиғалар бойынша тергеу барысы, адам құқықтарын сақтау жөніндегі мемлекеттің кешенді шаралары, ұлттық және халықаралық құқық қорғау ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру бағытына сәйкес жүргізіліп жатқан және жоспарланған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Польша тарапының өкілдері елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық трансформациясына бағытталған Қазақстанның реформаларымен қызығушылықпен танысып, олардың іске асырылуына қолдау білдірді.
Польша Президенті жанындағы Халықаралық саясат бюросының басшысы Я. Кумохпен кездесу барысында өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне, оның ішінде Украинадағы жағдай тұрғысынан ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Қазақстанның теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саясат бағытының өзгермейтіндігі расталды.
Польша Сыртқы істер министрлігіндегі кездесу барысында сұхбаттастар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы жан-жақты ынтымақтастық екі ел халықтарының игілігі үшін одан әрі кеңейе беретініне сенім білдірді. Барлық деңгейдегі тұрақты байланыстарды тиімді қолдау, сондай-ақ парламентаралық диалогтың белсенді дамуы қанағаттанушылықпен атап өтілді.
Польшаның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын ескере отырып, Қазақстанның Варшавамен осы жолда, оның ішінде Ұйымның 2010 жылғы Астана Саммитінің мұрасын іске асыру мақсатында тығыз практикалық өзара іс-қимыл жасауға дайындығы расталды.
Тараптар жоспарланған екіжақты іс-шаралар кестесін, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы – Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Раудың биыл жоспарланып отырған Қазақстанға ресми сапарын талқылады.
Р. Василенко өзінің әріптесімен, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы – Даму және технологиялар бірінші вице-министрі Г.Пеховякпен кездесуі барысында сауда және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарлар талқыланды. Тараптар пандемияға байланысты шектеулерге қарамастан, Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымының көлемі 2021 жылы 760,4 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 12,3% - ға жоғары. 2005 жылдан бастап Польшадан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 273 млн. долл., оның ішінде соңғы екі жылда – шамамен 50 млн. АҚШ долларын құрады.
Тараптар 2022 жылы Варшавада жоспарланған Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Польша үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысына дайындықты талқылап, оның екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары арасындағы тұрақты жұмыс байланыстарын қолдаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Сапар шеңберінде Польша Сеймі мен Сенаты депутаттарының қатысуымен Қазақстан-Польша дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 30 жыл толуына арналған "дөңгелек үстел" ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар қазіргі саясаттағы парламенттік дипломатияның өсіп келе жатқан рөлін атап өтті. Польша парламентшілері "Екінші Республиканы" құруға бағытталған Қазақстандағы саяси реформалардың бағытына қолдау білдірді. Кездесу барысында екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды кеңейтуге қосқан үлесі үшін «Польша – Қазақстан» парламенттік ынтымақтастық тобының жетекшісі Б. Бартущқа Қазақстан Президентінің Жарлығымен берілген «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі табыс етілді.
ЕҚЫҰ ДИАҚБ директоры М. Мекаччимен кездесуде Қазақстанның ЕҚЫҰ қағидаттары мен құндылықтарына, оның ішінде гуманитарлық өлшемге берік ұстанатыны расталды. Р. Василенко осы ұйыммен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтіп, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюромен одан әрі практикалық өзара іс-қимыл жасауға ұмтылысын білдірді. Отандық дипломат Қазақстан Президенті мен Үкіметінің елдегі азаматтық қоғам институттарын нығайту жөніндегі дәйекті шаралары туралы хабардар етті.
ДИАҚБ басшысы ҚР-дағы саяси жаңғырту бағытына қолдау білдіріп, Бюроның оларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайындығын растады.