
НҰР-СУЛТАН, 2019 жылғы 19 қараша – Қазақстан мен Германия ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне дайын. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Германия Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық жөніндегі уәкілі Михаэль Зиберттің басшылығымен өткен саяси консультациялар барысында айтылды.
Тараптар саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективаларын, заңнамалық базаны кеңейтуді, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Саяси диалогты одан әрі нығайту мәнмәтінінде дипломаттар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге алдағы ресми сапары екі елдің басшылығы деңгейіндегі достық және сенімді байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне және ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша екіжақты қатынастардың дамуына маңызды серпін беретініне сенім білдірді.
Сұхбаттың негізгі бағыты халықаралық аренада, сондай-ақ аймақтық және интеграциялық құрылымдар аясындағы қазақстан-герман өзара іс-қимылының мәселелеріне арналды.
Қазақстандық дипломат герман әріптестеріне Қазақстанның Ауғанстанды қалпына келтіруге бағытталған әрекеті, оның ішінде Еуропалық Одақтың Ауғанстандағы әйелдерді Қазақстан мен Өзбекстан университеттерінде оқытуға бағытталған бағдарламаласын іске асыруға қолдауы туралы хабарлады. Германия тарапы өз кезегінде осы саладағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін мәлімдеді.
Өңірлік ынтымақтастық мәнмәтінінде ЕО мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы Германияның рөлі атап өтілді. Атап айтқанда, неміс дипломаты Германия, Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы тұрақты даму және экологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты қарастыратын Германия Сыртқы істер министрлігінің жаңа бастамасы – «Жасыл Орталық Азия» бастамасын ұсынды. Тараптар бұл бастаманы аймақтағы әр елдің мүдделері тұрғысынан қарастыруға келісті.
Пікір алмасу барысында дипломаттар халықаралық лаңкестікке, аймақтық қауіпсіздікке және халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі басқа да мәселелерге қатысты ұстанымдардың сәйкес келуін атап өтті.
Қазақстандық тарап Берлиндегі Қазақстан Республикасының халықаралық бастамаларын қолдағаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Анықтама үшін: 2018 жылы Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты тауар айналымы 2,1 млрд долларды құрады (экспорт - 0,5 млрд, импорт - 1,6 млрд), бұл 2017 жылмен салыстырғанда 10,8% жоғары.
2019 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында екі ел арасындағы сауда көлемі 1,3 млрд долларды құрады (экспорт - 227,1 млн, импорт - 1,1 млрд).
Германиядан Қазақстанға 2005 жылдан бастап 2019 жылдың 2-ші тоқсанына дейінгі тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 5,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Германия экономикасының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының 90% -дан астамы шикізаттық емес секторға келеді.
Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын бар, олардың ішінде Linde AG, HeidelbergCement, BASF, Knauf, Siemens, Wilo, CLAAS.

