
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 13 сәуір – Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сарапшылар тобымен бүгінгі кездесу барысында сайлау өткізу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, ДИАҚБ сайлау жөніндегі департаменті директорының орынбасары Ульви Ахундлу бастаған делегация ДИАҚБ-ның ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлауды (2021 жылғы 10 қаңтар) байқау миссиясының қорытынды есебін жариялау және қазақстандық сарапшылармен Бюроның ұсынымдарын іс жүзінде іске асыру тұрғысынан талқылау мақсатында Қазақстанға үш күндік сапармен келді. Айта кететін жайт, ДИАҚБ ұсынымдарын қазақстандық мемлекеттік органдарымен талқылау мақсатында осындай сапар 2009 жылы өткен болатын.
Кездесу барысында ДИАҚБ өкілдері іс-сапардың алдын ала нәтижелерімен бөлісіп, Орталық сайлау комиссиясы және Қазақстанның басқа да мүдделі мемлекеттік органдарымен тиімді кездесулер өткізгенін атап өтті. «Қазақстанда ДИАҚБ-мен сындарлы диалогтың дамуын тек сайлау кезінде ғана емес, сондай-ақ сайлауға дейін және одан кейін де қолдайды», - деп атап өтті Р. Василенко.
Өз кезегінде, У. Ахундлу «ДИАҚБ делегациясы ҚР СІМ-ге осындай сапарды ұйымдастырғаны үшін және біздің сарапшыларымыздың ұсынымдарын қазақстандық серіктестермен ашық, мазмұнды және кәсіби талқылауға мүмкіндік бергені үшін шын жүректен алғыс білдіреді», - деп мәлімдеді.
Министрдің орынбасары сұхбаттастарды «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру мақсатында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар етті. Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың ішінде саяси партияларды тіркеу және олардың Мәжіліске өту шегін төмендету, Президент пен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің аталған лауазымдарда болған кезеңде саяси партияларға мүшелігін тоқтату, Мәжілісті қалыптастырудың пропорционалды схемасынан аралас пропорционалды схемасына көшу, төменгі палатаны толығымен азаматтардың тікелей дауыс беруімен қалыптастыруға мүмкіншілік беретін Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын Мәжілістен Сенатқа ауыстыру бойынша шаралар бөлек атап өтілді.
Сұхбаттастар Қазақстанның дәйекті демократияландыру мен саяси жүйені трансформациялауға деген ұстанымын белгілеп, сайлау өткізу саласындағы ДИАҚБ-мен сарапшылар деңгейіндегі әрекеттестікті одан әрі арттырудың маңыздылығымен келісті.
Қазақстан мен ДИАҚБ арасындағы ынтымақтастықтың 1995 жылғы 9 желтоқсандағы Бюроның бірінші миссиясынан бастап, ұзақ тарихы бар. Осы кезеңнің ішінде Бюро басқа еуропалық институттармен (ЕП, ЕКПА, ЕҚЫҰ ПА) бірлесіп, Қазақстанға 12 байқау миссиясын жіберді, оның қорытындысы бойынша заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша сараптамалық бағалаулар мен ұсынымдар ҚР мемлекеттік органдарына берілді.