Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 30 наурыз – Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш. Нұрышевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК, Азия кеңесі) Аға лауазымды тұлғалар комитетінің (АЛТК) ағымдағы жылғы бірінші отырысы өтті.
Отырыс күн тәртібінің негізгі тақырыбы Кеңесті халықаралық ұйымға трансформациялау тұжырымдамасына арналған пікірталас болды.
Ш. Нұрышев басты мақсаты Азияның жаһандық рөлін күшейту және Кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейін ілгерілету болып табылатын трансформацияның негізгі аспектілері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Азия кеңесі саяси диалог пен сенім шаралары саласындағы өзара іс-қимыл үшін жетілген платформа бола отырып, халықаралық ұйымның барлық нышандарына ие және іс жүзінде қажетті функциялары бар екендігі атап өтілді.
Бұған қоса, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев Азия кеңесінің 6-шы саммитіне дайындық, Ақылмандар кеңесінің құрамын қалыптастыру, АӨСШК қоры туралы ереженің жобасын әзірлеу, сондай-ақ Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы АӨСШК конвенциясын ратификациялау мәртебесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Кеңестің сенім шараларын іске асырудың тұжырымдамалық құжаттардың мәртебесі туралы айтып, Хатшылықтың 2021 жылғы жылдық қаржылық есебін ұсынды, сондай-ақ Азия кеңесінің 30 жылдығы шеңберінде қарастырылған жобалар туралы хабардар етті.
Мүше мемлекеттер АӨСШК-ні трансформациялаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан төрағалығының 2022 жылғы қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін АӨСШК саммиті барысында Кеңесті халықаралық ұйымға трансформациялау процесін бастау туралы ұсынысын қолдады.