
НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 29 қазан – Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың төрағалығымен гуманитарлық құқық және адам құқықтары саласындағы Қазақстанның халықаралық- құқықтық міндеттемелерінің орындалуын қарастыру және жетілдіру мақсатында Халықаралық гуманитарлық құқық және адам құқықтары туралы халықаралық шарттар жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 19-шы отырысы өтті.
Отырыстың барысында Комиссияның алдыңғы 18-ші отырысында қабылданған шешімдердің орындалу нәтижелері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Әмбебап кезеңдік шолудың аясында Қазақстан Республикасының Үшінші Ұлттық баяндамасын қорғауға дайындық және Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның және Азаптауларға қарсы конвенцияның орындалуы туралы тұрақты ұлттық баяндамалар қаралды.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің арнайы рәсімдерінің ұсынымдарын (арнайы баяндамашылар, тәуелсіз сарапшылар, жұмыс топтары) және Қазақстанның БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттарына қосылу мәселелерін бағалау мен перспективаларын жан-жақты қарастырды.
ХАК мүшелері адами өлшем сияқты маңызды салада БҰҰ-мен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық тараптың адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындау бойынша бірлескен күш-жігерді үйлестіруге келісті.

