ҚР СІМ-де мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту туралы жиын өтті

ҚР СІМ-де мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту туралы жиын өтті

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 4 наурыз – ҚР Сыртқы істер министрлігінде «Мемлекеттік тілдің халықаралық қатынастар саласындағы орны» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Парламент Мәжілісінің депутаты, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті Берік Әбдіғали, ҚР шет елдердегі мекемелерінің басшылары мен СІМ құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері қатысты.

Жиын барысында Ш. Нұрышев ҚР Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, Министрлік қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуі басты назарда екенін баса айтты. Бұл орайда, ол Президент Қ. Тоқаев «Дипломаттар шет тілдерімен қатар, ең алдымен мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деп жоғары талап қойып отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде депутат Б. Әбдіғали бірқатар заңнамалық актілерге мемлекеттік тілдің қолданысы бойынша енгізілген өзгерістер туралы әңгімелеп,  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы жөнінде ақпарат берді және оның СІМ-мен және ҚР шет елдердегі мекемелерімен бірлесіп жұмыс мүдделілігіне назар аударды.

Жиын барысында ҚР Мысырдағы Елшісі Қ. Лама Шариф, ҚР Моңғолиядағы Елшісі Ж. Әділбаев, ҚР Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі М. Меңлібеков, сондай-ақ ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшілері А. Елемесов пен Е. Мұқаш сөз алып, дипломатия саласында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту бойынша ұсыныстарын берді.