
2022 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды.
Түркия Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет болды. 1992 жылы 2 наурызда екі ел арасында дипломатиялық байланыстар орнатылды.
Осы айтулы оқиғаға орай екі мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев мен Реджеп Тайип Эрдоган, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен ТР Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу өзара құттықтау хаттармен алмасты.
Тараптар осы кезең ішінде қазақ-түрік ынтымақтастығының жылдан-жылға нығайып, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін, екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.
Егемен еліміздің шетелдегі алғашқы дипломатиялық өкілдігі - Анкара қаласындағы Елшілігі 1992 ж. қазанда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға алғашқы ресми сапары барысында ашылды.
Қазіргі таңда Қазақстанның Ыстанбұлда Бас консулдығы, Анталия қаласында консулдығы, сондай-ақ Адана, Алания, Бурса, Измир, Кония және Мерсин қалаларында 6 құрметті консулдықтары жұмыс жасайды.
Түркияның Алматыда және Ақтауда Бас консулдықтары, Шымкентте құрметті консулдығы қызмет атқарады.
2009 ж. қазанда Қазақстан және Түркия арасында Стратегиялық әріптестік туралы келісімге, 2012 ж. Мемлекет басшыларының тең төрағалығымен өткізілетін Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
Түркия Қазақстанның жетекші сыртқы сауда серіктестерінің қатарында бесінші орынға ие. 1992 жылы 30 млн АҚШ долл. басталған екіжақты сауда көрсеткіші бүгінде 100 есе артып, 4 млрд АҚШ долл. дейін өсті.
Соңғы 30 жылда түркиялық инвесторлар Қазақстан экономикасына 5 млрд долл. астам инвестиция салса, өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлер Түркия экономикасына 1,1 млрд АҚШ долл. астам инвестиция салды. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз арасындағы инвестициялық бастамалардың жалпы көлемі 5,5 млрд АҚШ доллар шамасында 150 жобаны қамтиды.