
Ташкент, 2022 жылғы 3 наурыз - Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Өзбекстан астанасында өткен "Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық контртеррористік стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі Бірлескен іс-қимыл жоспары (БІЖ) шеңберінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өңірлік ынтымақтастық" тақырыбындағы жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияға қатысты.
Министр М.Тілеуберді өз сөзінде терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл Орталық Азия өңіріндегі барлық елдердің бірлескен күш-жігерінің негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Қазақстанның радикализм мен террористік іс-әрекеттің өсу көріністеріне қарсы күрес жөніндегі тәжірибесі атап өтілді. "Біздің еліміз өзінің халықаралық міндеттемелерін берік ұстанады және терроризмнің алдын алу мен оған қарсы іс-қимылда белсенді кооперацияны қолдайды", - деді ҚР СІМ басшысы.
Іс-шара шеңберінде радикалды идеологияның таралуына, ұйымдасқан қылмыстың, есірткі трафигінің, заңсыз көші-қонның қызметіне байланысты қатерлер мен тәуекелдерді сақтау мәселелері қозғалды, олар жиынтығында терроризм үшін "нәрлі" орта қалыптастырады.
Конференция аясында ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Контртеррористік басқармасының басшысы Владимир Воронков, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Терри Хакала және Өзбекстан мен Тәжікстан Сыртқы істер министрлері Абдулазиз Камилов пен Сироджиддин Мухриддинмен бөлек келіссөздер өткізді.
Халықаралық ұйымдардың өкілдерімен келіссөздер барысында М.Тілеуберді Қазақстанның аталған құрылымдармен түрлі салалардағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сұхбаттастарын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық қоғамды саяси трансформациялауға бағытталған реформалардың жаңа бағдарламасын ү.ж. 16 наурызда жариялайтыны туралы хабардар етті.
Өзбекстан мен Тәжікстан СІМ басшыларымен екіжақты ынтымақтастық мәселелері, жоғары және аса жоғары деңгейдегі сапарлар кестесі талқыланды.