Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30-жылдығына орай СІМ-де мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер көрмесі ашылды

Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30-жылдығына орай СІМ-де мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 1 наурыз – Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30-жылдығына арналған тақырыптық көрме ҚР СІМ ғимаратында өткізілуде.

Оның ашылу салтанатына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори және ҚР Президенті Мұрағатының директоры Әлия Мұстафина қатысты.

Көрмеге Қазақстанның әмбебап халықаралық ұйыммен қарым-қатынасының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін ашып көрсететін материалдар, оның ішінде сөйлеген сөздерінің мәтіндері, ресми хаттар мен фотосуреттер кірді.

Іс-шара қонақтары мен қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде Роман Василенко көрме Қазақстан мен БҰҰ-ның тығыз өзара іс-қимылы мен жемісті ынтымақтастығының тарихын бейнелейтінін атап өтті. «Мемлекетіміз БҰҰ және жалпы халықаралық қоғамдастық үшін тұрақты әрі болжамды сыртқы саясатты жүзеге асыруды ұстанатын, тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық бастамаларды қолдайтын сенімді серіктес болып қала береді. Біздің БҰҰ-ға қолдауымызды Қазақстанның бүгінде БҰҰ-ның 27 агенттігі мекеніне айналғаны айғақтайды, олардың көбі өз жұмысын өңірлік ауқымда жүзеге асырады», – деді ол.

Өз кезегінде, М. Фриберг-Стори осындай көрмені ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, БҰҰ-ның Қазақстандағы табысты жұмыс тарихы соңғы онжылдықтар бойы еліміздің табысты даму тарихына енгенін атап өтті. Оның айтуынша, «ұсынылған бірегей мұрағаттық деректер, фотосуреттер мен құжаттар Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігі тарихының негізгі кезеңдерін еске түсіруге көмектеседі».

«Қазақстанның БҰҰ-дағы қызметі көптеген елдер үшін шабыт көзіне айналды. Еліміздің ұйым жұмысына қосқан үлесінің кейбір мысалдары ғана – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құруға бастамашылық жасау, Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелік, көпвекторлы қағидаттарды берік ұстану, Астана процесіндегі делдалдық, ЭКСПО-2017 кезеңінде жасыл технологияларды ілгерілету және тағы басқалар», – деді ол.

А. Мұстафина өз сөзінде ҚР СІМ мен БҰҰ офисіне бірлескен жұмысы үшін алғысын білдіріп, материалдарды дайындау кезінде көрме тұжырымдамасының негізіне құжаттар дәуір атмосферасына енуге мүмкіндік бере отырып, заманның сипатын жеткізетін тарихи көрнекілік пен анықтық қағидаттары салынғанын атап өтті. «Қазақстанның БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі ретіндегі белсенді жұмысының арқасында бай әрі сан алуан тарихи материал жинақталды, оның сақтаушысы Президент мұрағаты болып табылады», – деді ол. Сонымен қатар, ол көрмені жасауда А. Х. Арыстанбекова, Т. С. Сүлейменов және бірқатар өзге де атақты отандық дипломаттардың жеке мұрағатттарынан алынған құжаттар мен фотосуреттердің құнды көшірмелері қолданылды.

Көрме СІМ қызметкерлері мен оның қонақтары, шетелдік дипломаттар мен журналистер, Сыртқы істер министрлігінде тәжірибеден өтіп жатқан студенттер тарапынан шынайы қызығушылық тудырып үлгерді.

Рәсімге қатысушылар Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының елеулі құжаттық мұрасын зерттеу және танымал ету бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.

Көрме Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар топтамасының бір бөлігі болып табылады, оларды 2022 жыл бойы өткізу жоспарланып отыр.