
Нұр-Сұлтан қ., 2022 ж. 1 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапармен келген Сеймнің төрағасының орынбасары Йонас Ярутис бастаған Литва парламентшілерінің делегациясымен кездесу өткізді.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде. Ынтымақтастықтың үш онжылдығы ішінде елдер екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда тығыз байланыстар орнатты.
Р. Василенко тиісті кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары, брифингтер мен мәдени іс-шаралар арқылы депутаттар арасындағы байланысты кеңейтуге ықпал ететін «Қазақстан-Литва» парламентаралық достық тобының нәтижелі жұмысын ерекше атап өтті.
Литва 2016 жылы алғашқылардың бірі болып Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) ратификациялады. КӘЫК–ті іске асыру екіжақты форматта да, өңірлік және жаһандық деңгейлерде де Қазақстан мен Еуроодаққа мүше мемлекеттердің саяси өзара іс-қимылының көкжиегін кеңейтуге және экономикалық байланыстарын тереңдетуге жәрдемдеседі.
Қазақстан мен Литва арасындағы саяси қарым-қатынастардың жоғары деңгейі сауда-экономикалық саладағы әлеуетті іске асыруға қолайлы жағдай туғызды. Литва Қазақстанның Еуропалық Одақ елдері арасындағы он негізгі сауда серіктесінің бірі, ал әлемдегі ең ірі отыз серіктестің бірі болып табылады.
2021 жылы өзара сауда көлемі 454 млн долларын құрады. Қазақстаннан экспорт – 356,3 млн доллар, Қазақстанға импорт – 97,5 млн доллар.
Бүгінде қазақстандық нарықта литвалық 170 компания жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қазақстан Литваның жиырма ірі сауда серіктестерінің қатарына кіреді.
Экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды тетігі құрамына автомобиль көлігі және туризм бойынша жұмыс топтары кіретін Үкіметаралық комиссиясы болды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазіргі кезеңдегі парламенттік дипломатияның артып келе жатқан рөлі туралы ортақ пікірге келіп, Қазақстан-Литва ынтымақтастығын жандандыруға келісті.