
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 28 ақпан – Қазақстан тарапының бастамасы бойынша бейнеконференция форматында Қазақстан Республикасы мен Бахрейн Корольдігі арасында алғашқы консулдық консультациялар өтті.
Іс-шараға Қазақстан мен Бахрейнның сыртқы саяси ведомстволарының консулдық қызметтерінің басшылары Бауыржан Ақатаев пен Ибрахим Әл-Меслимани қатысып, консулдық саладағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті тақырыптары бойынша пікір алмасты.
Бейнеконференция барысында визалық режимдерді өзара ырықтандыру, вакцинация паспорттарын тану, екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Өз сөзінде Б.Ақатаев екі елдің құқық қорғау органдары мен дипломаттарының үйлесімді және жедел жұмысының арқасында 2021 жылы адам саудасының құрбаны болған 23 ҚР азаматы елімізге қайтарылғанын атап өтті. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың басынан бастап өзара түсіністік қағидаты негізінде 2 қазақстандық азамат экстрадицияланды.
Іс-шара соңында тараптар консулдық мәселелер бойынша ынтымақтастықты жандандыру үшін байланыстарды одан әрі кеңейтуге үмітті екендігін білдірді.