Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде жұмысын бастады

Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде жұмысын бастады

Женева, 2022 жылғы 28 ақпан – Швейцария Конфедерациясына сапары шеңберінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 49-шы сессиясының жоғары деңгейдегі сегментіне қатысты.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде сөйлеген сөзінде Министр Қазақстанның БҰҰ АҚК-ға үш жылдық мүшелігінің басталуына ерекше мән беретінін атап өтті. «Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі кеңеске екінші рет қосылуы туралы шешім біздің адам құқықтарын ұлттық және халықаралық деңгейде қорғауға және ілгерілетуге берік ұстанымымызға негізделген», - деді М.Тілеуберді.

СІМ басшысы сондай-ақ еліміздің БҰҰ жүйесінің Адам құқықтары саласындағы органдарымен және тетіктерімен мол жұмыс тәжірибесін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстан тарапының 2022-2024 жылдар кезеңінде кеңеске мүшелігі шеңберінде бүкіл әлемде адамның әмбебап құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мақсатында басқа мемлекеттермен тиімді өзара іс-қимыл жасау ниетін растады.

М.Тілеуберді БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру барысы туралы хабардар етті. Осы реформаларға сәйкес Қазақстан одан әрі саяси жаңғырту, экономиканың ашықтығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытын жалғастыратын болады. Жаңа Қазақстанның күн тәртібі қазақстандықтардың қауіпсіз әрі сапалы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.

БҰҰ АҚК отырысының аясында Министр М. Тілеуберді Human Rights Watch Атқарушы директоры Кеннет Ротт және Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің президенті Питер Маурермен екіжақты кездесулер өткізді. Министр сұхбаттасушыларды еліміздегі адам құқықтары жағдайымен және ҚР-дың құқық қорғау тетіктерімен өзара іс-қимылының перспективаларымен таныстырды. Қызыл Крест өкілімен Қазақстанның ХҚКК-мен гуманитарлық қызметі шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері қозғалды.