
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 24 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Нұр-Сұлтан қаласына сапары аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің (ӨТҚҚ) директоры Рустам Мирзаевпен кездесу өткізді.
Кездесуге қатысушылар Қазақстанның ӨТҚҚ-мен ынтымақтастық мәселелері және ШЫҰ тұрақты жұмыс істейтін органының күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Ш.Нұрышев мемлекет басшылары кеңесінің шешімдерін, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимылдағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастық бағдарламаларын және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ ӨТҚҚ базасында Ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру жөніндегі бастамасын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Р.Мирзаев Қазақстанға сапарының мақсаттары мен міндеттері туралы қысқаша ақпарат берді. Атап айтқанда, ШЫҰ ӨТҚҚ жақын болашақта басқа көпжақты құрылымдармен өзара іс-қимыл бойынша жұмысты жандандыруға ниетті екенін хабарлады. Сондай-ақ, 2021 жылы Душанбеде өткен саммитте қабылданған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімін іске асыру мақсатында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары ынтымақтастығының қолданыстағы тетіктерінің тиімділігін арттыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы 2002 жылғы 7 маусымда Санкт-Петербургте өткен ұйымның саммитінде құрылды. Ташкент қаласында орналасқан (2004 жылдың мамыр айынан бастап).
ӨТҚҚ – Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресте ұйымға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының жәрдемдесуіне, үйлестіруіне және өзара іс-қимыл жасауына арналған ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органы.