
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 24 ақпан - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглудың тең төрағалығымен Қазақстан-Түркия Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 7-ші жоспарлы отырысы өтті.
Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін, сондай-ақ шарт-құқықтық базаны одан әрі кеңейту жөніндегі шараларды талқылады.
COVID-19 пандемияға қарамастан екіжақты тауар айналымының оң динамикасы байқалады. 2021 жылы Түркия Қазақстанның жетекші сыртқы сауда серіктестерінің қатарында бесінші орынға ие болды. 1992 жылы 30 млн АҚШ доллардан басталған екіжақты сауда бүгінде 100 есе артып, 4 млрд АҚШ долларға дейін өсті.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылғы наурыз айының басында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың және Түркияның Вице-президенті Ф.Октайдың тең төрағалығымен өтетін Қазақстан-Түркия Үкіметаралық экономикалық комиссияның 12-ші отырысына дайындық шаралар пысықталды.
Бүгінде елдеріміз арасындағы инвестициялық ынтымақтастық жоғары деңгейде дамуда. Түркия Қазақстан үшін ең маңызды инвестициялық серіктестің бірі болып табылады. Соңғы 30 жылда түркиялық инвесторлар Қазақстан экономикасына 5 млрд АҚШ доллардан астам инвестиция құйды. Өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлер Түркияның экономикасына 1,1 млрд АҚШ доллардан астам инвестиция салған. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз арасындағы инвестициялық бастамалардың жалпы көлемі 5,5 млрд АҚШ доллар шамасында 150 жобаны қамтиды.
Кездесу барысында министрлер ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықтың бірнеше перспективалық бағыттарын қарастыруға уағдаласты. Сондай-ақ, білім және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру маңыздылығы аталды. Осы уақытқа дейін Түркия университеттерін 2500-ға жуық қазақстандық студент тәмамдап, қазіргі уақытта екі елдің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Өз кезегінде саны өсіп келе жатқан Қазақстандағы түрік студенттері сапалы білім алып, бауырлас қазақ халқының тарихы мен дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.