
Ташкент, 2022 жылғы 23 ақпан – Өзбекстан астанасында Еуропалық одақ және Орталық Азия елдерінің Ауғанстан бойынша өкілдерінің кезекті кездесуі өтті. Отырыс барысында Ауғанстандағы қазіргі саяси және экономикалық жағдай, сондай-ақ ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету мәселелері талқыланды.
ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Талғат Қалиев өз сөзінде Қазақстан Ауғанстанға жан-жақты көмек көрсетіп, бұл елдегі жағдайды тұрақтандыру жөніндегі халықаралық күш-жігерді әрдайым қолдайтынын мәлімдеді.
Отандық дипломат Ауғанстанды жедел қалпына келтіру үшін Орталық Азия елдері мен Еуропалық одақ арасындағы тиімді бірлескен іс-қимылдың маңыздылығына назар аударып, еуропалық серіктестердің осы бағыттағы елеулі үлесін, әсіресе ауған студенттеріне арналған білім беру бағдарламаларын қаржыландыруын ерекше атап өтті.
Тараптар Ауғанстанды өңірлік инфрақұрылымдық және сауда байланыстарына белсендірек тартудың орындылығын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды. Онда қатысушылар Ауғанстан халқына көмек көрсету және Орталық Азиядағы өңірдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кең ауқымды ынтымақтастық пен іс-әрекеттерді үйлестіруге деген ортақ бейілділігін қуаттады.