
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 18 ақпан – 2022 жылдың 19 ақпанында Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Аустрия Республикасының Канцлері Карл Нехамер құттықтау хаттарымен алмасты.
Президент Қ. Тоқаев өз хатында тарихи қысқа мерзімде елдеріміз арасында мазмұнды саяси диалог орнағанын, тығыз сауда-экономикалық байланыс және көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықтың кеңейгенін атап өтті. Өз тарапынан, жаңадан тағайындалған Канцлер К. Нехамер Қазақстан тек Аустрия үшін емес, жалпы Еуропалық одақ үшін де Орталық Азиядағы маңызды серіктес екенін атап өтті, сол себепті экономиканың түрлі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделігін танытты.
Елдеріміз үшін атаулы күн қарсаңында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Аустрия Елшісі Вилли Кемпельмен кездесу өткізді. Кездесу аясында Аустрия 1992 жылы Еуропада елдері арасында тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып танығаны атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстан Аустриямен дипломатиялық қатынас орнатқан Орталық Азиядағы бірінші мемлекет болғаны да меңзелді. Сол уақыттан бері Қазақстан – Аустрия саяси байланыстары тұрақты түрде жоғары және өте жоғары деңгейде сақталып келеді.
Ынтымақтастықтың 30 жылдық кезеңінде екіжақты қатынастардың берік шарттық-құқықтық базасы құрылды, мемлекеттік органдар мен парламенттер арқылы ондаған бірлескен іс-шаралар өткізілді.
Жалпы, екі мемлекеттің халықаралық саясаттағы кең ауқымды мәселелерге, соның ішінде жаппай қырып-жою қаруын таратпау сұрағындағы ұстанымдары сәйкес немесе жақын болып табылады.
Қазіргі таңда екіжақты сауда-экономикалық байланыс тұрақты дамып келеді. Аустрия Қазақстанның Еуропалық одақ елдері арасындағы жетекші сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Мәселен, бүгінде қазақстандық нарықта 350-ге жуық аустриялық компания орныққан. Бұл ретте Қазақстан ТМД елдері арасында Аустрияның екінші сауда серіктесі болып табылады.
Экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды тетігі 2011 жылы құрылған Қазақстан – Аустрия Үкіметаралық комиссиясы болды, оның 10-шы отырысы өткен жылдың қыркүйегінде өтті.
Екі елдің іскер топтары Қазақстан – Аустрия Іскерлік кеңесі мен 2018 жылы бірінші отырысы ұйымдастырылған Өңірлер форумы алаңдарында тұрақты кездесулер мен келіссөздер өткізіп тұрады.
Қазақстан мен Аустрияны екіжақты нәтижелі ынтымақтастық қана емес, өнерге деген ортақ сүйіспеншілік те байланыстырады. Соңғы 6 жылда «Қазақстанның інжу-маржандары – Ұлы дала әуендері» жобасы аясында Австрия жұртшылығына Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік беретін түрлі мәдени іс-шаралар өткізілуде.
Үш онжылдықтың қорытындылары бойынша, екі елдің бірқатар салалар бойынша өзара табысты ынтымақтастықты орнатқанымен қоса, оны одан әрі нығайтуға дайын екендерін атап өткен жөн.