Вашингтон қ., 2022 жылғы 10 ақпан – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллиннің АҚШ-қа сапары барысындағы келіссөздерде америкалық серіктестер Қазақстанның елдегі демократиялық қайта құру курсына және «Қайғылы қаңтар» оқиғаларын объективті түрде тергеуге деген ұстанымын қолдады.
Қазақстандық дипломат Ақ үй, АҚШ Конгресі, Мемлекеттік департаменттің ресми өкілдерімен, USAID, Сауда палатасы, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау ұйымдары және ой-талқы орталықтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы, оның ішінде екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ «С5+1» форматы шеңберінде Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды. Министрдің орынбасары еліміздегі кешенді саяси және экономикалық реформалар бағдарламасының түрлі аспектілеріне ерекше назар аударды. Америкалық серіктестер Қазақстан билігінің елдің азаматтық қоғамымен және халықаралық қауымдастықпен мазмұнды диалогқа ашықтығын оң бағалады.
АҚШ конгрессмендерімен келіссөздерде парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және байланыстарды жандандыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
ҮЕҰ өкілдерімен кездесуде дипломат Қазақстан билігінің жағдайды тергеу процесінде заң үстемдігіне табанды екенін атап өтті. АҚШ мемлекеттің азаматтық қоғаммен ашық және сындарлы өзара іс-қимылға дайындығын құптады және бұл өз кезегінде қаңтар оқиғасын тергеудің ашықтығын және реформаларды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге көмектеседі.
А.Рахметуллин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары ретінде «LYNC» ҮЕҰ президенті Уэйд Кьюсак, Өркениеттер алмасу және ынтымақтастық қорының президенті Имам Мохамад Арафат пен Еуразия еврей қауымдастығын қолдау ұлттық коалициясының атқарушы директоры Марк Левинмен кездесулер өткізіп, оның барысында этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін талқылап, қыркүйекке жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне шақыруларды тапсырды.
Сонымен қатар, «Боинг» компаниясының басшылығымен кездесу барысында тараптар қол қойылған «Ашық аспан» келісімі аясында одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.