Қазақстан мен Испания арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды: Испания үкіметі арнайы мәлімдеме жасады  

Қазақстан мен Испания арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды: Испания үкіметі арнайы мәлімдеме жасады   

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Испания Корольдігінің Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрі Хосе Мануэль Альбарес Буэноның атына екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай құттықтау жеделхат жолдады. Өз кезегінде Испания СІМ осыған орай бүгін испан Үкіметінің арнайы мәлімдемесін таратты.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз хатында 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы Келісімге негізделген қазақ-испан қатынастарының жоғары қарқынын атап өтті.

«Қазіргі уақыттағы сын-қатерлерге қарамастан, елдеріміз белсенді саяси диалогты жалғастырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дәйекті кеңейтуде және халықаралық ұйымдар аясында тұрақты өзара қолдау көрсетіп келеді. 2021 жылы Мадридке жасаған ресми сапарымды жылылықпен еске аламын. Екі ел арасындағы барлық бағыттағы жан-жақты қарым-қатынастар әріптестігіміздің берік негізі болып қала беретініне сенімдімін», – деді өз хатында М. Тілеуберді.

«Испания үкіметі соңғы 30 жыл ішінде екіжақты қатынастардың тамаша дамуын құптайды. Осы кезеңде біз берік саяси байланыстар орнаттық және экономикалық әрі мәдени алмасуларды кеңейттік. Осы орайда 2009 жылы Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қоюды және Жоғары Мәртебелі Корольдің Қазақстанға «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу үшін жасаған сапарын еске алған орынды», – делінген Испания Үкіметінің мәлімдемесінде.

Құжатта әсіресе ішінде сауда-экономикалық саладағы екіжақты байланыстардың беріктілігі атап өтілген, ал ол «екі ел арасындағы өзара түсінушілік пен екі халық арасындағы өзара жақындасуға» жол ашады.

Мадридте айтулы датаны «Еуропалық одақ және оның Орталық Азиядағы Стратегиясы мен ЕО және Қазақстан арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы келісім шеңберінде және екіжақты негізде қатынастардың дамуына жаңа мазмұнды серпін беруге» мүмкіндік ретінде қарастырады және «Қазақстанды соңғы жылдары жүзеге асырылып келе жатқан саяси және экономикалық реформаларды жалғастыруға шақырады».

«Екіжақты қатынастардағы осы маңызды оқиғаға орай Испания Үкіметі достас Қазақстан халқына бейбітшілік, амандық және өркендеу тілейді», – делінген мәлімдемеде.

Испания Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және онымен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған Еуропадағы алғашқы елдердің бірі болды.

Үш онжылдық ішінде екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастарда барлық негізгі бағыттар бойынша сенім мен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне қол жеткізілді, ынтымақтастықтың қомақты шарттық-құқықтық негізі қаланды, екіжақты институционалдық тетіктер тиімді жұмыс істеуде.

2005 жылдан бастап Испания тарапынан жинақталған капитал салымдарының көлемі 245 млн. АҚШ долларын, ал өзара тауар айналымының көрсеткіші 2021 жылдың қорытындысымен 1,8 млрд. АҚШ долларын құрады.