
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 10 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Үсен Сүлейменнің төрағалығымен «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының («АӨДА» ККО) онлайн отырысын өткізді.
Отырысқа қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 2022 жылдың басында елімізде теңдесі жоқ қайғылы оқиғалар орын алғанын атап өтті. «ККО мүшелері болған оқиғаның пайымымен алмасу, осы кезеңде ҚР мемлекеттік органдары мен азаматтық сектор жағдайды шешуге, еліміздің зардап шеккен азаматтарының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге өз үлесін қалай қоса алатынын түсіну үшін жиналды», – деп атап өтті дипломат.
Р. Василенко Қазақстан билігі шектен тыс күш қолданудың, заңсыз ұстаудың, азаптаудың және қамауға алынғандарға қатыгездік көрсетудің жағдайларын қатаң айыптайтынын атап өтті. Қамауға алынған азаматтардың құқықтарын қатаң сақтау және сотта істің әділетті қаралыуы шарт болуы тиіс.
Отырыстың күн тәртібіндегі қаңтардағы оқиғаларға арналған бірінші тармағының төтенше тақырыбын ескере отырып, бұл мәселе бойынша баяндамалар жасау мүмкіндігі бірінші кезекте азаматтық сектор өкілдеріне берілді.
Үкіметтік емес ұйымдар атынан «Қадыр-қасиет» қоғамдық бірлестігінің, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» және «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның» өкілдері белсенді қатысты.
Сөз сөйлеулерде, отандық адам құқықтарын қорғаушылардың пікірінше, орын алған оқиғалар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнаманы қолдану тәжірибесінде көптеген олқылықтарды көрсетті. Заңдарға және әртүрлі нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша бірқатар нақты ұсынымдар жария етілді.
ККО отырысы күн тәртібінің екінші тармағы Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою бойынша БҰҰ Конвенциясының орындалуы туралы Қазақстан Республикасының ұлттық баяндамасын қорғауға дайындыққа арналды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері баяндамашылары болып сөз сөйледі. Кемсітушілікке қарсы заңнаманы әзірлеудің, кемсітушілікке қарсы институттар мен рәсімдерді құрудың ықтимал бағыттары туралы шолу талдауын Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро ұсынды.
Күн тәртібінің әрбір тармағы бойынша пікірталастар мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы осы мәселелер бойынша одан әрі өзара іс-қимыл жасауы жөнінде нақты ұсыныстар әзірлене отырып, ашық әрі сындарлы сипатта болды.
Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, ҚР Президент Әкімшілігі, Жоғарғы Сот, Конституциялық Кеңес, мүдделі министрліктер, қазақстандық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық серіктестер – БҰҰ Даму бағдарламасы, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы, ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, ЮСАИД және еуропалық мемлекеттердің елшіліктерінің өкілдері қатысты.