
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 25 қаңтар – Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және Франция Еуропа және сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай құттықтау жеделхаттарымен алмасты.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз хатында «2008 жылғы 11 маусымда жасалған Стратегиялық әріптестік туралы Келісім шеңберінде кең ауқымда қарқынды дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастықтың қол жеткізілген деңгейін жоғары бағалаймыз», – деп атап өтті. М.Тілеубердінің айтуынша, Франция еліміздің Еуроодақтағы маңызды саяси әріптесі болып табылады және Қазақстан экономикасына ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы тұрғыда жоғары деңгейдегі диалог пен өзара іс-қимылды жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Өзара іс-қимылдың жетекші салалары ретінде экономикалық байланыстарды одан әрі арттыру, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы және цифрлық технологиялар, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ірі жобаларды іске асыру аталды. М. Тілеуберді «Заманауи және жаңа жаһандық сын-қатерлер жағдайында біз халықаралық аренада жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін шешуде, сондай-ақ көпжақты күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тығыз және сенімді диалог пен ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз», – деп атап өтті.
Өз кезегінде, Ж.-И. Ле Дриан екі мемлекеттің стратегиялық серіктестігін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты құптады.
Оның айтуынша, «Қазақстанның 2018 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ротациялық негізде төрағалық етуі барысындағы біздің өзара іс-қимылымыз кезінде саяси салада, сондай-ақ инвестициялар мен жоғары технологиялық әріптестік саласында біз бірге қол жеткізген табыстар өзара сенім мен құрмет қарым-қатынастарымызға негізделген».
Француз дипломаты Қазақстандағы жақында орын алған қайғылы оқиғалар ға қатысты «халықтың заңды саяси және әлеуметтік-экономикалық ұмтылыстары үшін, атап айтқанда, құқық үстемдігі мен негізгі бостандықтарды тұрақты орнықтыру үшін жұмыс істеу аса маңызды» екенін атап өтіп, Қазақстан Үкіметіне осы жұмыста табыс тіледі.
Франция еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін мойындаған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі, сондай-ақ бізбен стратегиялық серіктестік орнатқан Еуропа Одағының алғашқы мемлекеті болды.
Екі мемлекет арасындағы үш онжылдық ішіндегі дипломатиялық қатынастарда барлық негізгі бағыттар бойынша сенім мен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне қол жеткізілді, ынтымақтастықтың қомақты шарттық-құқықтық базасы қаланды, екіжақты институционалдық тетіктер тиімді жұмыс істеуде.
Франция 2005 жылдан бері жинақталған капитал салымдарының көлемі 17 млрд. АҚШ долларын құрайтын Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының алғашқы бестігіне кіреді. Өзара сауда айналымы да салмақты – бұл көрсеткіш 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 2,7 млрд. АҚШ долларын құрады.