Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ұлыбритания Елшісімен кездесті  

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ұлыбритания Елшісімен кездесті   

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 19 қаңтар – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Личпен екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай кездесу өткізді.

1992 жылғы 19 қаңтарда ресми түрде орнатылған Қазақстан-Британ қатынастары бүгінгі күні берік стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Мерейтой күніне байланысты Министрдің орынбасары Елшіге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Патшайым Елизавета II-ге және Премьер-министр Борис Джонсонға арнаған, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тлеубердінің Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Элизабет Трассқа арнаған құттықтау хаттарын табыс етті.

Кездесу барысында отандық дипломат әңгімелесушіні «Қасіретті қаңтар» мен ел ішіндегі қазіргі ахуал туралы хабардар етті. Е. Әлімбаев қайғылы оқиғаларға байланысты британ Үкіметінің атынан Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі Мемлекеттік министр лорд Тарик Ахмад пен Елші К. Личтің Қазақстан халқына көңіл айтқаны үшін алғысын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды қоса алғанда, барлық басым мәселелер бойынша екіжақты өзара іс-қимылды тереңдетуді жалғастыруға дайын екендіктерін растады.