
28 тамызда Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісі Ержан Мұқаштың брифингі өтті. Іс-шара ҚР Сыртқы істер министрлігінің «Жаңа мүмкіндіктер» бағдарламасына сәйкес БАҚ өкілдерінің Қазақстанның шет мемлекеттердегі елшілерімен кездесулері аясында ұйымдастырылды.
Брифинг кезінде Е. Мұқаш Қазақстан-Оман қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен болашақ дамуы жайында әңгімелеп берді. Қазақстан Республикасымен алғашқылардың бірі болып саяси және экономикалық байланыстарды орнатқан Оман Сұлтандығы біздің еліміздің араб әлеміндегі маңызды және сенімді серігі екендігіне ерекше назар аударылды.
Елшінің хабарлауынша, өткен ширек ғасырлық кезеңде екі ел арасында өзара сенімге негізделген достық қатынастары қалыптасты. 1997 және 2008 жылдары Оманға жасалған ресми сапарлардың нәтижесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сұлтан Қабус бен Саид арасында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі жандана түсуіне септігін тигізгені сөзсіз.
«Оман Ойл» мемлекеттік компаниясы Маңғыстау облысындағы мұнай кен орындарын игеруге белсене қатысуда.
Жалпы алғанда, 2005 жылдан бері Оман тарапынан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 253,2 млн. АҚШ долларын құрады.
Елші сондай-ақ Өзбекстан-Түрікменстан-Иран-Оман халықаралық мультимодалды көлік дәлізіне (2001 жылғы Ашхабад келісімі) Қазақстанның қосылуы Оманға және өңірдің өзге де елдеріне жөнелтілетін жүк тасымалының артуына оң әсерін тигізетінін атап көрсетті. Бұл ретте қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығару аса маңызды болмақ.
Оман Қазақстанның маңызды сыртқы саяси бастамаларына қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, Масқат «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің Астанада өткізілуін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын қолдады.
2016 жылғы қыркүйекте Масқатта Қазақстан мен Оман сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізіліп, оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы әрекеттестігі талқыланды.
Оман Сұлтандығы 2017 жығы 10-11 қыркүйек аралығында Астанада өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылым мен технологиялар жөніндегі Бірінші саммитіне қатысатынын ресми қуаттады.
Екі елдің өзара мәдени байланыстары даму үстінде. Алдағы қыркүйек айында Оманда «Астана балет» тобының гастролі басталады. Қазақстандық өнерпаздардың орындауында Масқат опера театрының сахнасында П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» қойылымы ұсынылатын болады.