
Қазақстан Мьянманың Ракхайн штатында туындаған шиеленіске орай өз алаңдаушылығын білдіреді. Бұл елдегі қақтығысты бейбіт жолмен ғана шешуді қолдаймыз және барлық жанжалдасушы тараптарды атысты дереу тоқтатуға және диалогты жалғастыруға шақырамыз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің басқа мүшелерімен қатар Қазақстан Республикасы «Аракан рохинджейлерін құтқару армиясының» содырлары таяуда жасаған шабуылдарды айыптайды.
Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше басқа мемлекеттермен бірге Мьянмадағы мұсылман қауымының жағдайына және бұл елдегі «исламофобияның» өсуіне айрықша алаңдаушылық білдіреміз. Біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017 жылғы 30 тамыздағы кезектен тыс отырысын қолдап, оған белсенді түрде қатысты, аталған басқосуда жағдайды жедел тұрақтандыру мақсатында еліміз Мьянма билігін халықаралық қоғамдастықпен, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымымен және Ислам ынтымақтастығы ұйымымен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасауға шақырады.
Қазақстан халықаралық қоғамдастық, оның ішінде БҰҰ, ИЫҰ, сондай-ақ Кофи Аннанның Консультативтік комиссиясының Ракхайн штаты проблемасы бойынша әртүрлі бірлескен бастамалары мен ұсынымдарын құптайды, бұл құжаттарда өңірдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызы туралы атап көрсетілген. ИЫҰ-ның Байланыс тобының барлық мүдделес тараптармен өзара іс-қимыл жасай отырып, Мьянмадағы жағдайды реттеуге тұрақты қатысуы ерекше маңызды болып отыр.
Этносаралық және дінаралық алауыздық, сондай-ақ Мьянмамен шекаралас мемлекеттердегі ұлғайып отырған босқындар проблемасы ішкі және сыртқы терроризм үшін оңтайлы жағдай жасап, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіруі әбден мүмкін.