
Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 28 желтоқсан – Қазақстан мен Эфиопия арасындағы саяси консультациялардың алғашқы раунды бейнеконференция форматында өтті.
Іс-шара барысында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Оңталап Оңалбаев пен Эфиопия Сыртқы істер министрлігі Азия және Тынық мұхит мемлекеттері департаментінің бас директоры Молалин Асфо саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективаларын талқылады.
Тараптар екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнауының 10-жылдығымен құттықтап, өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. 2022 жылға арналған ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын айқындауға, оның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Өткізілген консультациялардың қорытындылары бойынша екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси диалогты қолдаудың және оған тұрақты сипат берудің пайдалығы туралы өзара келісім білдірілді.