
СКОПЬЕ, 2017 жылғы 16 қараша – Скопье қаласында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының орынбасарлары Роман Василенко мен Арта Точи Қазақстан және Македония Сыртқы істер министрліктерінің арасында тұрақты саяси консультациялар өткізу туралы хаттамаға қол қойды.
Дипломаттар Македония астанасында саяси консультациялардың екінші раундын өткізу үшін кездесті, оның барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады, сондай-ақ күн тәртібіндегі өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Тараптар Қазақстан мен Македония бір бірін достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнатқан, қандай да бір саяси немесе өзге де сипаттағы келіспеушілігі жоқ маңызды саяси әріптестер ретінде қарастыратынын растады. Дипломаттардың пікірінше, осының бәрі екіжақты қарым-қатынастың барлық саласында өзара іс-қимылды жандандыруға қолайлы жағдай жасайды.
Консультацияларға қатысушылар түрлі деңгейдегі өзара сапарлар санын арттыруға мүдделіктерін білдірді, өзара сауда айналымының көлемін ұлғайту және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті. Құқықтық ынтымақтастық, көлік, білім беру және мәдениет салаларындағы екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Македон тарапы 2016 жылы алапат су тасқынының салдарларын жоюға жәрдемдесу үшін еліміз бөлген гуманитарлық көмекке ерекше алғысын білдірді. Өз кезегінде, қазақстандық дипломат македониялық әріптестеріне Балқан жарты аралындағы осы елге келетін Қазақстан азаматтары үшін біржақты тәртіпте визасыз режим үшін алғыс білдірді.
Дәл осы күні Скопьеде Р.Василенко Македония Сыртқы істер министрі Николой Димитровпен жеке кездесті. Кездесу барысында македон тарапы Қазақстан Республикасын Орталық Азиядағы негізгі әріптесі ретінде қарастыра отырып, екіжақты қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүдделігін білдірді. Өз тарапынан, қазақстандық дипломат Македонияға көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтуда жүргізіп отырған саясатына, елдің Еуропа және Еуроатлантикалық интеграциялану жолында табыс тіледі.
Министр орынбасарының Македония Республикасының Парламенттік Ассамблеясының депутатымен, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясындағы ел делегациясының басшысы Бетиан Китевпен және басқа да македониялық парламентшілермен кездесуінде де парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселесі қозғалды. Тараптар мемлекеттік құрылым, демократияны дамыту, заң үстемдігін нығайту тәжірибесімен алмасу мақсатында екі ел органдарының арасында байланысты жандандыруға мүдделік танытты. Одан басқа, македониялық парламентшілер Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саяси басымдықтары мен халықаралық бастамалары туралы хабардар болды.
Қазақстандық делегация басшысы македониялық кәсіпкерлермен екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін егжей-тегжейлі талқылады. Аталған кәсіпкерлер Қазақстанның даму бағдарламаларымен, шетелдік инвесторлар үшін преференциялармен таныс болды. Өз кезегінде, македониялық бизнес өкілдері Еуропалық Одақ пен Түркия нарықтарына еркін енуге және салық преференцияларына қол жеткізуге мүмкіндік беретін Македония аумағында бірлескен жобаларды іске асыру үшін қазақстандық капиталды тартуға мүдделігін білдірді.