Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 14 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Стокгольм қаласында гибридтік форматта ұйымдастырылған Ядролық қарусыздану бойынша Стокгольм бастамасына қатысушы-мемлекеттердің Бесінші министрлік кездесуіне қатысты.
Министрлер ядролық қаруды таратпау туралы шарттың ережелерін орындау жөніндегі оныншы Шолу конференциясы қарсаңында ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы ағымдағы жағдай туралы пікір алмасып, ядролық державалардың қару-жарақты бақылау және ядролық қатерлерді азайту мәселелері жөніндегі келіссөздерін құптап, қарусызданудың жалпы пайымын жандандырудың жолдарын қарастырып, Стокгольм бастамасына қатысушылардың ядролық және ядролық емес мемлекеттер арасында диалог құру жөніндегі күш-жігеріне оң баға берді.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде еліміздің ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу идеясының бейілділігі туралы айта келе, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ аясында барлық ядролық мемлекеттердің қатысуымен стратегиялық шабуыл қаруларын жан-жақты қысқарту жоспарын әзірлеу және 70-тен астам белгілі әлемдік саясаткерлер қолдаған Ядролық қарудан азат әлем үшін көшбасшылардың жаһандық альянсын құру жөніндегі бастамасының өзектілігін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, онда бастамаға қатысушылардың Шолу конференциясының қорытындысы бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүдделілігі білдіріліп, ядролық қаруды иеленуші елдерге ядролық қарусыздану бойынша батыл қадамдар қабылдауға шақырды.
Ядролық қарусыздану бойынша Стокгольм бастамасына 16 мемлекет кіреді: Аргентина, Германия, Индонезия, Испания, Иордания, Қазақстан, Канада, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Корея Республикасы, Финляндия, Швеция, Швейцария, Эфиопия және Жапония.