
16 желтоқсанда Отанымыз – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Осы уақыт ішінде еліміз экономикасы қарқынды дамып келе жатқан демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құруда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді, халықаралық аренада өзінің лайықты орнына ие болды.
Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен барлық мемлекеттермен достық қатынастарды дамыту мен жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған дербес көпвекторлы сыртқы саясат қалыптасты.
Бүгінде бұл стратегиялық бағытты Елбасының сенімді әріптесі және отандық дипломатиялық қызметтің қалыптасуы мен дамуына аса маңызды үлес қосқан тұлға – Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табысты жалғастырып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде үкімет пен азаматтық қоғамның сындарлы өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда ауқымды реформалар іске асырылуда.
Тарихи өлшем бойынша аз ғана уақыт ішінде Сыртқы істер министрлігінің ұжымы мемлекетіміз бен қоғамымыздың қарқынды ілгерілеуіне өзінің елеулі үлесін қосып келеді. Көпғасырлық тарихымызда алғаш рет мемлекеттік шекарамыздың халықаралық-құқықтық танылуын және бекемделуін қамтамасыз еттік, әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатып, олармен өзара тиімді серіктестік қатынас құрдық.
Халықаралық аренада екіжақты ынтымақтастық желісі бойынша да, көпжақты тетіктер шеңберінде де айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік. Қазақстан өзінің бейбітсүйгіш саясатының арқасында ядролық қаруды таратпау және жаһандық қарусыздандыру үдерісінің көшбасшыларының біріне айналды.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында іске асырылған ерікті, өзара тиімді және тең құқықты өңірлік экономикалық интеграцияның жақтаушысы болып табылады. Сонымен қатар еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің екіжақты және көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолында да белсенді әрекет етуде.
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан дипломатиясының маңызды жетістіктерінің бірі – ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға сәтті төрағалық етуі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелерінің құрамына сайлануы, Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері Съезінің өткізілуі, АӨСШК, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМО ұйымдарының негізін қалауына және қазіргі қызметіне белсенді қатысуы болды.
Осылайша, Қазақстан халықаралық аренада салмақты сыртқы саяси бағыты бар беделді әрі тұрақты мемлекет ретінде орнықты.
Бірлік, бейбітшілік, ынтымақ және өзара құрмет сияқты мәңгілік құндылықтарды дәріптеудің арқасында жаңа белестерге шықтық.
Тәуелсіздіктің мерейтойлық күнімен шын жүректен құттықтай отырып, барлық қазақстандықтарға, сондай-ақ шетелдік достарымыз бен серіктестерімізге бақ-береке, зор денсаулық және жаңа табыстар тілейміз!