СІМ басшысы дипломаттарды Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады

СІМ басшысы дипломаттарды Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 15 желтоқсан – Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде еліміз азаматтық қоғам құруда, әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруда, ұлттық бірлік пен мемлекеттік егемендікті нығайтуда, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен тарихты жандандыруда елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

Министр ҚР СІМ ұжымын құттықтап, мемлекет басшылығының халықаралық аренадағы бастамаларын іске асырудағы белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді. Атап айтқанда, карантиндік шектеулерге қарамастан, отандық дипломаттар Қазақстан Республикасы мен оның азаматтарының мүдделерін ілгерілету мен қорғауда, сондай-ақ екіжақты және көпжақты форматтағы түрлі іс-шараларды өткізуде жоғары кәсібилігін көрсетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министр сыртқы саяси қызметке және халықаралық қоғамдастықта ұлттық мүдделерді ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Қазақстанның дипломатиялық қызметінің ардагерлері мен қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.