«Орталық Азия – Италия» екінші Министрлік конференциясы

«Орталық Азия – Италия» екінші Министрлік конференциясы

Ташкент, 2021 жылғы 8 желтоқсан – Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы «Орталық Азия – Италия» форматындағы екінші Министрлік конференциясына қатысты. Іс-шараға Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сыртқы саяси ведомстволарының басшылары да қатысты. Италия делегациясын Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Луиджи Ди Майо, ал Еуропалық одақтың – ЕО Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Тери Хакала басқарды.

Конференция барысында тараптар аймақаралық және жаһандық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде пандемияның жағымсыз салдарымен бірлескен күресті, дағдарысқа дейінгі өзара сауда мен инвестициялардың көрсеткіштерін қалпына келтіруді, сондай-ақ өңір елдерінің Италиямен өзара іс-қимылының басым бағыттарын талқылады. Оған қоса Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аударылды.

Қазақстан СІМ басшысы М.Тілеуберді өз сөзінде Орталық Азия елдерінің транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы және инновациялық салалардағы, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен машина жасау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастығын тереңдетуге шақырды, сондай-ақ Италияның ОА елдерінің Еуропамен энергетикалық, көліктік және технологиялық өзара байланысын дамытудағы рөлін атап өтті.

ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Ажар Ғиният пен ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Зейнешев «Денсаулық сақтаудың басым мәселелері және коронавирусқа қарсы бірлескен іс-қимыл шараларын әзірлеу»" және «Италия мен Орталық Азия арасындағы экономикалық ынтымақтастық» тақырыптары бойынша пленарлық сессияларға қатысты.

Кездесуге қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі арттыруға, сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге, өңірлік сын-қатерлер мен қауіптерге ден қоюға өзара мүдделілігін растады.

Конференция аясында Министр М.Тілеуберді Италия СІМ басшысы Л. Ди Майо және ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Т. Хакаламен бөлек келіссөздер жүргізіп, екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.