Қазақстан мен Армения арасындағы консулдық консультациялар туралы

Қазақстан мен Армения арасындағы консулдық консультациялар туралы

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 30 қараша – Бейнеконференция байланысы форматында Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының сыртқы істер министрліктері арасындағы консулдық консультациялардың кезекті раунды өтті.

Екі елдің делегацияларын сыртқы саяси мекемелердің консулдық қызметтерінің басшылары Бауыржан Ақатаев пен Артак Аветисян басқарды. Аталған іс-шараға Қазақстан мен Арменияның өзге де мемлекеттік органдарының өкілдері де қатысты.

Кездесу барысында тараптар екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында құзыретті органдардың өзара әрекеттестігін, консулдық-құқықтық саладағы екіжақты және көпжақты келісімдер мен конвенциялардың іске асырылуын, сондай-ақ күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелерді талқылады.

Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстан тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвесторларға арналған визалар бойынша «MultiPass» жобасының таныстырылымын өткізді.

Консультациялардың қорытындысы бойынша тараптар консулдық қатынастардың бүкіл ауқымы бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайындығын растап, тиісті Хаттаманы мақұлдады.