Алматы, 2021 жылдың 5 қарашасы – Су ресурстары, энергетика және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі USAID өңірлік жобасы аясындағы Өңірлік үйлестіруші комитетінің бірінші отырысы өтті. Жобаның мақсаты тұрақтылық, экономикалық өрлеу және салауатты экожүйелерді дамыту үшін Орталық Азия елдерінің су ресурстары саласындағы ынтымақтастығын нығайту болып табылады.
Іс-шараға Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан делегациялары және USAID басшылығы мен өңірдегі қызметкерлері қатысты. Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Алексей Волков басқарды.
Отандық дипломат өзінің сөз сөйлеуінде келесі бағыттарда өңірде белсенді ынтымақтастық орнату және дамыту қажеттігіне делегациялардың және USAID өкілдерінің назарын аударды:
- 2021 жылғы 29 маусымда Халықаралық Аралды құтқару қорының Басқармасы отырысының аясында бекітілген «Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимылдар бағдарламасын» (ПБАМ-4) іске асыру;
- Өңірлік су-энергетикалық консорциумын құру;
- өңірлік, соның ішінде су-энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығаютуға дамуға ресми көмектің жаңадан құрылған ұлттық операторы KazAID агенттігінің әлеуетін пайдалану.
Өңірлік үйлестіруші комитетінің отырысы аясында USAID өкілдерімен Су ресурстары, энергетика және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік жобасын іске асыруға бағытталған бірқатар презентациялар жасалды.
Нәтижесінде Өңірлік үйлестіруші комитеттің мүшелері өңірлік ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азия елдерінің су-энергетика мен қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ұстанымдарын жақындастыруда аталған алаңның маңызды екенін атап өтті.
Іс-шара шеңберінде А. Волковтың Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясы директорының орынбасары М. Нарбаевпен кездесуі өтті. Тараптар дирекцияның 2021 жылғы жұмысының нәтижелері, қазіргі қызметі және келешек жоспарлары туралы мәселелерді талқылады.
Дирекцияның халықаралық донорлық қауымдастықпен ынтымақтастығының дамуына талдау жасап, осы бағытта күш салу қажеттігіне назар аударылды. Бұл ретте, дирекция және шетелдік әріптестер арасындағы Қазақстан үшін өзекті бірқатар ұлттық жобаларды ілгерілету арқылы тығыз байланыс орнатуға ҚР СІМ көмек көрсетуге дайын екендігін атап өтті.