
Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 5 қараша – ҚР Сыртқы істер министрлігі ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығымен» бірлесіп, орталық аппараттың мемлекеттік қызметшілерінің қазақ тілін игеру деңгейін анықтау және бағалау үшін «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеу сынағын өткізді.
Іс-шараны ресми түрде ашып берген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш. Нұрышев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік тілдің маңызына мән берілгенін тілге тиек етті. Аталған құжатта «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», – деп атап көрсетілген болатын.
Айта кету керек, «Қазтест» сынағына негізінен ұзақ іссапардан оралған, жаңадан жұмысқа қабылданған және өз деңгейін тексеруге ниет білдірген ҚР СІМ орталық аппаратының 180-нен астам қызметкері қатысты.
Сынақ нәтижесі бойынша жоғары деңгей көрсеткен қызметкерлерге әртүрлі ынталандыру, көтермелеу шаралары қолданылатын болады.