
Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 3 қараша - Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында танымал мемлекет қайраткері және дипломат Икрам Адырбековтың “Елшінің жазбасынан” атты кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшелері, мемлекеттік, парламенттік және дипломатиялық қызметі бойынша И. Адырбековтың әріптестері, Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Е. Әлімбаев өз сөзінде «Икрам Адырбекұлы Қазақстанның тәуелсіздігін және халықаралық аренадағы беделін нығайтуға аса мазмұнды үлес қосты, оның ел игілігі жолындағы жемісті қызметі жас дипломаттар үшін үлгі болып табылады» деп атап өтті. Оның пікірінше, жаңа кітап мемлекетіміздің жаңа тарихы мен халықаралық қатынастар жүйесіне қызығушылық танытатын оқырмандардың назарын аудартады.
Әр жылдары И. Адырбеков ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, еліміздің ҚХР, Литва, Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Латвия, Эстония, Индонезия, Бруней, Филиппиндегі қоса атқарушы Елші қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, ол Қызылорда облысының әкімі, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаты, әрі төрағасы ретінде және сыртқы сауда саласында жұмыс істеді.