
Нью-Йорк, 2018 жылғы 18 қаңтар - Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарына қатысу аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 18 және 19 қаңтарда Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Кувейт елдерінің сыртқы саяси ведомство басшыларымен сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысымен екіжақты кездесулер өткізді.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу барысында тараптар дәстүрлі достық атмосферада екіжақты қарым-қатынастардың дамуын талқылады және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ағымдағы күн тәртібін қоса алғанда негізгі жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасып, барлық мәселелер бойынша Астана мен Мәскеу ұстанымдарының ұқсастығын растады. Қ. Әбдірахманов ресейлік әріптесіне Астананың 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде атқарған жұмысына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде, С. Лавров Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде атқарған жұмысын жоғары бағалады.
Қазақстан Республикасының сыртқы саяси ведомство басшысы Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаевпен кездесуде өңірлік және көпжақты әрекеттестік және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде өткен жылдың аяғында Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің Астанаға ресми сапары нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды талқылады.
Қ. Әбдірахманов Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловпен Астана мен Душанбе арасындағы екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың даму мәселелерін талқылады. Тәжік дипломаты Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болудың бірінші жылының қорытындысы бойынша жұмыс нәтижелерін және Ауғанстан мен Орталық Азияның қауіпсіздігі мен дамуы туралы пікірталастарды шақыруды жоғары бағалады.
Кувейт Мемлекетінің Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Шейх Сабах аль-Халед Ас-Сабахпен кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты және өзара мүдделілік танытатын халықаралық мәселелерді талқылады. Қ.Әбдірахманов Кувейттің БҰҰ шеңберінде бірқатар халықаралық жобаларды ілгерілетудегі белсенді рөлін жоғары бағалады, сондай-ақ аталған мемлекет Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
19 қаңтарда ҚР Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Қауіпсіздік Кеңеске мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдерімен өткізетін ай сайынғы дәстүрлі отырысына қатысты. Қ.Әбдірахманов іс-шара қатысушыларын Сирия бойынша Астана процесінің жұмыс барысымен таныстырды. Қазақстандық дипломат Астана Сириядағы қарулы қақтығыстың деэскалациясына айтарлықтай үлес қосқандығын және БҰҰ қамқорлығындағы Женевадағы келіссөздерге бағалы қосымша болып табылатындығын атап өтті. Сондай-ақ отырыс қатысушылары БҰҰ Бас хатшысының өткен аптаның соңындағы Колумбияға сапарының нәтижесі тұрғысында аталған елдегі жағдайдың дамуын және БҰҰ бітімгершілік миссияларының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен ағымдағы жағдайды талқылады.