
АСТАНА, 2018 жылғы 29 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің алқа отырысында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының, Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасы тұрғысындағы Қазақстанның басымдықтары мен сыртқы саяси қызметінің негізгі бағыттары және басқа да мәселелер қарастырылды. Оған Президент Әкімшілігінің, Премьер-министр Кеңсесінің өкілдері, басқа да мемлекеттік органдар мен Қазақстан ұлттық компанияларының басшылары қатысты.
Отырысты аша отырып, министр Қайрат Әбдірахманов өткен жыл мен ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны Мемлекет басшысының шет елдерге жасаған жемісті сапарларымен, қол қойылған келісімдермен, ірі халықаралық іс-шаралар шеңберінде өткізілген табысты келіссөздермен ерекшеленгенін айтты. «Елбасымыздың басшылығымен біздің еліміз әлемдік қоғамдастықтың тұрақты және ұзақ мерзімді серіктесі болып қала беруде. Қазақстанның үні халықаралық алаңдарда неғұрлым көбірек естілуде», - деп ол атап өтті.
2016 жылы өткен кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы министрлікке сыртқы саясаттың экономикалық векторын нығайту, біздің ведомствомыздың инвестициялық және экспорттық бағыттарындағы қызметін қайта форматтау және бейімдеу бойынша бірқатар маңызды міндеттер қойды. Бұл тұрғыда министр әңгіме тәсілдемелерді жүйелі түрде қайта құру, жұмысқа жаңа элементтерді енгізу, экономикаға назар аудару және жаһандық бәсекелестік жағдайында еліміздің сыртқы экономикалық мүдделерін қорғау жайлы екенін атап өтті.
«Сыртқы істер министрлігі әлеуетті шетелдік серіктестерді іздестіруге жәрдемдесу мақсатында отандық жеке сектормен тікелей өзара іс-қимылды қалыптастыру бойынша жұмысты белсендіре түсті. Министрліктің және шет елдердегі мекемелер жүйесінің басты міндеттерінің бірі – экономикаландыру», - деп айтты Қ. Әбдірахманов.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын дипломатиялық ілгерілету және сүйемелдеу бойынша міндеттерге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Сыртқы істер министрлігінің рөліне, қазақстандық мәдениетті әлемде дәріптеуіне ерекше назар бөлінді.
Күн тәртібіне сәйкес, отырыс барысында ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша шаралар, БҰҰ бойынша Мемлекет басшысының жаһанды халықаралық бастамаларын ілгерілету, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелерін біріктіруге және Сыртқы істер министрлігі бойынша бірқатар мемлекеттік қызметті автоматтандыруға мүмкіндік туғызатын ведомстволық ақпараттық жүйесін енгізу, сондай-ақ кадр саясатын жетілдіру, атқарушылық тәртібін жоғарылату және басқа да мәселелер қарастырылды.