
Нұр-Cұлтан, 2021 жылғы 11 қазан – Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Германды қабылдады.
Кездесу барысында тараптар бейбітшілік пен қауіпсіздік, терроризмге қарсы іс-қимыл, су-энергетикалық саласындағы ынтымақтастық, превентивті дипломатияның әлеуетін нығайту саласындағы өңірлік ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ 2021-2022 жж. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) Қазақстанның төрағалық ету басымдықтарын талқылады.
А. Рахметуллин еліміздің Ауғанстан мен Орталық Азия елдерін гуманитарлық қолдаудағы күш-жігері, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстанның өңірлік және халықаралық бастамалары туралы хабарлады.
Н. Герман АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуіне шақырғаны және Қазақстан мен БҰҰ арасындағы «үлгілі ынтымақтастығы» үшін БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерриштің атынан ел басшылығына алғысын білдірді. Қазақстан тарапына Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының қашықтағы кеңсесін Алматыда уақытша орналастырғаны, Орталық Азияда БҰҰ Жаһандық контртеррористік стратегиясын іске асыру шеңберіндегі жемісті өзара іс-қимыл үшін алғыс білдірді.
Тараптар жоғарыда аталған салаларда, сондай-ақ өңірлік орталықтың жанжалдардың алдын алуға және шешуге бағытталған басқа да бастамалары шеңберінде сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.